Шерзат Полаттың ісі: Дархан Әскентай өзге айыпталушылардың ешқайсысын танымайтынын айтты

06.05.2025 19:34

Оның адвокаты «Әскентай бұл іске жәбірленуші ретінде қатысуы керек» деп санайды

«Шерзат кастетпен бірнеше рет ұрды». Талдықорғандағы сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне қатысы болуы мүмкін деп айыпталғандардың бірі осындай түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетейік, «Қамажай» дүкенінен сыра алып, кейіннен төлемге қатысты дау туындағанда оқиғаға қатысқан Дархан Әскентай тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін айтады. «Шок жағдайында болып, дұрыс жауап бере алмадым»,-деген ол төбелес кезінде марқұм Шерзаттың қолында кастет болған деп отыр. Бірақ айыпталушының жауабы сотқа дейінгі тергеуде көрсетілмеген. Ал Әскентайдың екіұшты пікіріне наразылық білдірген прокурор  «бұған дейін неге айтпадыңыз? Есіңізге қазір түсті ме?» деп қарсы сұрақ қойды. Мемлекеттік айыптаушының мұндай сұрауынан соң айыпталушы тараптың адвокаттары прокурордың істен шеттетілуін өтінген. Олар «прокурор сұрақ-жауап кезінде қысым көрсетіп, ақпаратты бұрмалап жатыр» деп санайды. Кейіннен сот кеңесу бөлмесіне кетіп, айтылған уәжге шешім шығарды.

«Адвокат Ержановтың мемлекеттік айыптаушы Сәрсенбаеваға қарсылық білдіруі туралы өтініш хаты қанағаттандырудан бас тартылсын. Қарсылық білдіруді қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы қаулы-шағым жасауға прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер аппеляциялық шағымға, өтініш хатқа кассациялық тәртіппен қарау туралы наразылыққа енгізілуі мүмкін», – деді судья Ержан Жанұзақов.

Қоса кетейік, бүгінгі сот отырысында оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан Дархан Әскентай өзге айыпталушылардың ешқайсысын танымаймын деп отыр. Ол сондай-ақ бұған дейін айтылған деректермен келіспейтінін жеткізген. Мәселен айыпталушы «Шерзат пен оның анасына тіл тигізген жоқпын, ешкімді төбелеске итермелемедім» дейді. Ал оның адвокаты «Әскентай бұл іске жәбірленуші ретінде қатысуы керек» деп санайды. «Дарханның нақты не үшін айыпталып жатқанын түсінбеймін» деген қорғаушы аталған азамат ешкімге ешқандай залал келтірмеді деген пікірде. 

 «Әскентайдың іске қатыстылығы жоқ дегенмен біз келіспейміз. Бағана сот отырысында да айтты ғой «кешірім сұраған жоқ» деп. Мен оны қағаз жүзінде көрсетемін. Ол кешірім сұраған, сонымен дау бітті деп кеткен. Ал егер ол Нұрболды шақырмаса, Нұрбол ана балаларды шақырмаса, төбелес болмас еді ғой. Яғни қатыстылығы бар деген сөз. Соның өзі көп нәрсені дәлелдейді деп ойлаймын», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Еске салайық, Шерзат Полаттың әкесі төбелесті бастауға бұйрық берген адамның кім екенін айтты

Сот отырысында сотталушылардың туыстары шу шығарды

Нұрғанат Ғайыпбаевтың түсініктемесі оқылды

Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көргенін айтты

Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды

Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай басталғанын айтты

Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты 

Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты

Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.

Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді

2024 жылы 4 қазанда төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болды.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.

Биыл ақпанда Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған