СҚО-дағы Бескөл ауылында жаңа заманауи емхана ашылды

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Жаңа ғимаратта 44 дәрігерді қоса алғанда, 184 қызметкер жұмыс істейтін болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы жаңа емханаға барды. Сондай-ақ Петропавл қаласында салынып жатқан көпбейінді облыстық аурухана мен жедел медициналық жәрдем станциясының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұған дейін емхана акушерлік-гинекологиялық қызметке арналып салынған, үлгілік емес ғимаратта орналасқан болатын. Тар әрі бейімделген үй-жайларда медицина қызметкерлері екі ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Енді жаңа ғимаратта 44 дәрігерді қоса алғанда, 184 қызметкер жұмыс істейтін болады. Биыл аудандық ауруханаға 16 дәрігер келді, олардың 12-сі – жас мамандар.

Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған министр соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғалуын жақсартуға бағытталған заңнамалық өзгерістердің үш пакеті қабылданғанын атап өтті.

«Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі жеті есе артты. Бүгінде біз депутаттармен бірлесіп, медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін жаңа түзетулер әзірлеп жатырмыз», – деді ведомство басшысы.

 Қызылжар ауданы ардагерлерінің атынан сөз сөйлеген Уәлихан Қаражігітов көптен күткен нысанның ашылуына орай облыс басшылығы мен Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс білдірді.

«Бұл – аудан тұрғындары үшін зор қолдау. Жас әріптестеріме айтарым: енді жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасалды. Осы емхана ауданымызға денсаулық пен өркендеу әкелсін», – деді Уәлихан Қаражігітов.

 Жаңа нысан Қызылжар ауданы тұрғындары үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта медициналық учаскелерге 40 мыңнан астам адам тіркелген.

Жаңа ғимаратта ересектер мен балаларды қабылдауға арналған жеке сүзгі кабинеттері, сондай-ақ туберкулез қызметіне арналған оқшауланған кіреберістер қарастырылған. Заманауи жоспарлау дәрігерлердің бір ауысымда жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, пациенттер үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға жол ашады. Жаңа емханада пациенттерді толыққанды қабылдау мекемені қажетті жабдықтармен жарақтандыру және дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін, 2027 жылғы қаңтарда басталады деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда биыл 9 мыңнан астам жас тегін кәсіби курстан өтті