Алматыдағы мектеп автобустары: балалар тасымалы мен олардың қауіпсіздігі қалай ұйымдастырылған
Мегаполисте оқушыларды ұйымдасқан түрде тасымалдау жүйесі 2023 жылдан бері дамып келеді
2 қарашада күзгі демалыс аяқталған соң еліміздің барлық өңіріндегі оқушылар қайтадан сабаққа кіріседі. Алматыда бұл әдеттегі таңғы көлік қозғалысының қайта артуына себеп болады: ата-аналар жұмысқа асықса, балалар мектепке бет алады, яғни қала көшелеріндегі қозғалыс та жандана түседі. Күнделікті осындай қарбалас шақта оқушыларды тасымалдайтын сары түсті мектеп автобустарының орны ерекше-ақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Көптеген отбасы үшін мектепке жету тек уақыт мәселесі емес, ең алдымен, қауіпсіздікке қатысты маңызды сұрақ. Үлкен қалада білім беру ұйымдары балалардың тұрғылықты жерінен едәуір қашық орналасуы мүмкін. Бұл мәселе әсіресе жаңа тұрғын алаптарында, шалғай шағынаудандар мен жеке секторда тұратын отбасылар үшін өзекті. Мұндай жағдайда мектеп автобусы қалалық көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады.
Алматыда оқушыларды ұйымдасқан түрде тасымалдау жүйесі 2023 жылдан бері дамып келеді. Осы уақыт ішінде маршруттар аумағы кеңейіп, қызмет көрсетілетін мектептер мен балалард саны артты.
Білім басқармасының мәліметінше, 2026 жылы мектеп автобустары 12 794 баланы тасымалдайды. Маршруттар 61 білім беру ұйымын қамтиды. Бағыттар мектептердің орналасқан жері, оқушылардың тұрғылықты мекенжайы және білім беру ұйымдарының өтінімдері ескеріле отырып жасалады. Жүйенің негізгі мақсаты – үй мен мектеп арасындағы қатынасты жеңілдету, балалардың қоғамдық көлікпен өз бетінше жүру қажеттілігін азайту және ата-аналардың көлікке қатысты жүктемесін төмендету.
Автобустардың саны, сыйымдылығы мен жүру кестесі әр мектептің сұранысына және маршруттың ерекшеліктеріне қарай белгіленеді. Мәселен, көлік қозғалысына орын шектеулі немесе кіріп-шығу жолдары күрделі көшелерде 21 жолаушыға арналған шағын автобустар пайдаланылады.
Осылайша, оқушыларды тасымалдау қызметі қосымша көлік түрі ғана емес, жолаушылардың жас ерекшелігі, қаланың құрылыс сипаты және қауіпсіздік талаптары ескерілген жүйелі жұмыс саналады.
Балалар тасымалы аталған көлікті пайдалануда ерекше талап қажет етеді. Сондықтан мектеп автобустары жас жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін жабдықтармен қамтылуы тиіс.
Автобустар жабдығына мыналар кіреді:
- қауіпсіздік белдіктері;
- апаттық шығу есіктері;
- өрт қауіпсіздігі құралдары;
- жолаушыларға арналған орындықтар;
- мектеп сөмкесін қоюға арналған арнайы орындар;
- ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған пандустар.
Әр балаға жеке орын қарастырылған. Оқушыларды автобуста тікесінен тұрғызып тасымалдауға жол берілмейді.
Балаларды автобусқа отырғызу мен түсіру тәртібі де маңызды. Бұл жұмыстар ересектердің бақылауымен, белгіленген ережелерге сай жүргізілуі керек. Көліктің техникалық жарамдылығы, қозғалыс кестесі мен маршруттың сақталуы да ұйымдасқан тасымалдың міндетті шарттарына жатады.
Мектепке автобуспен бару кезіндегі қауіпсіздік көліктің техникалық жабдықталуына ғана емес, күн сайын маршрутта жұмыс істейтін адамдарға да байланысты.
Мектеп автобустарын басқаруға кәсіби жүргізушілер жіберіледі. Олардан кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау кезінде мұқият болу, тәртіп сақтау және жауапкершілік таныту талап етіледі.
Жол жүру кезінде балаларға ересектер еріп жүреді. Олар оқушылардың автобусқа отыруы мен түсуін қадағалап, салондағы тәртіпті бақылауда ұстайды және қажет болған жағдайда көмек көрсетеді. Міндеттерді осылайша бөлісу сапарды жүйелі ұйымдастыруға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Әсіресе баланың автобусқа мінген сәттен бастап, маршрут бойымен қозғалып, межелі жерге жеткенге дейін бақылаусыз қалмауына баса назар аударылады.
Мектеп оқушыларын тасымалдау жүйесінің дамуы қаланың өзгеруімен де тығыз байланысты. Алматы аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеруде, білім беру ұйымдарының орналасқан жері мен жекелеген аудандардың көлікке қолжетімділігі де өзгеріп келеді. Сол себептен де кей оқушының мектепке жету жолы едәуір ұзарып кетеді.
Ал ұйымдастырылған тасымал бірден бірнеше міндетті шешуге көмектеседі: балалардың сабаққа жету жолын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді, қауіпсіздік жағдайын жақсартады және отбасылардың күнделікті уақыт кестесін тиімді құруына жағдай жасайды.
Сонымен қатар жүйенің тиімділігі автобустардың санына ғана байланысты емес. Маршруттарға деген сұранысты тұрақты бағалау, жаңа тұрғын аумақтарды ескеру, білім беру ұйымдарымен өзара байланыс орнату және балаларды тасымалдау талаптарының орындалуын бақылау да қажет.
Мектеп автобусы оқушыларды сабақ басталғанша жеткізіп үлгеретін көлік құралы ғана емес, әлдеқашан қала инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналып кетті. Оның жұмыс сапасы балалардың қауіпсіздігіне, отбасылардың күнделікті жайлылығына және мектеп өмірінің ұйымдастырылуына әсер етеді.
Автор: Гүлсара Кенбаева