Су ресурстары министрлігі биыл 138 ірі жобаны іске асырмақ

2 жарым мың шақырымнан астам су құбыры салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су ресурстары министрлігі биыл құны 184 миллиард теңге болатын 138 ірі жобаны іске асырмақ. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандары салынып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде халқының саны шамамен 1 миллион 300 мың болатын 468 ауыл таза ауыз суға қол жеткізеді. 2 жарым мың шақырымнан астам су құбыры салынады. Оған 71 миллиард теңге бөлінеді екен. Сондай-ақ, бірнеше өңірде су қоймаларының құрылысы аяқталып, реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.  

«Аталған жобалар аясында 2025 жылдың соңына дейін шамамен 180 миллион текше метр көлемінде тасқын және еріген суды қосымша жинауға мүмкіндік беретін су қоймаларын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан басқа 214 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы және техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, министр Нұржан Нұржігітов суармалы егістіктерге су тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатқанын айтты. Тың тәсіл бойынша тарифтер дақылдардың түрлеріне, тұтынылатын судың көлеміне, сондай-ақ су үнемдеу технологияларының қолданысына қарай сараланып белгіленбек. Министр бұл әдіс суды ұтымды пайдаланып, үнемдеу үшін жасалып отыр дейді.

«Бұл жүйе халықты су ресурстарын ұқыпты пайдалануға ынталандырып, тұтыну көлеміне қарай әділ әрі үнемді төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдын ала деректер бойынша, алты өңірде Алматы, Шымкент, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде ай сайын орта есеппен 1,6 миллион текше метр су үнемделіп отыр. Бұл арқылы шамамен 900 миллион теңге көлемінде қаражат жиналып, ол су құбыры желілерін жаңғыртуға бағытталады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: Соңғы бес жылда 18-ге толмаған 12 мыңдай қыз жүкті болған

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров