Шымкенттен жол опырылып, бойжеткен шұңқырға құлап кетті

Тұрғындардың айтуынша, аумақта екі апта бұрын жылу құбыры жөнделіп, жаңа жабын төселген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте жаңадан төселген жол опырылып, ішіне адам құлап кетті. Оқиға қала орталығындағы халық көп жүретін көшелердің бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға Түркістан көшесінде болды. Жаңадан төселген тротуар аяқ астынан опырылып, бойжеткен шұңқырға құлап кеткен. Абырой болғанда, оны айналадағы адамдар дер кезінде шығарып алған. Тұрғындардың айтуынша, аумақта екі апта бұрын жылу құбыры жөнделіп, жаңа жабын төселген.

«Егер адамдар болмаса, ары қарай түсіп кере едім, жаңбыр жауып тұр.  Ештеңе болған жоқ. Бірақ аяғым көгеріп қалды, үстімнің бәрі лай, үйден киім алғызып, ауыстырдым. Менің орнымда кішкентай бала болғанда немесе қарт кісі болғанда, кім жауап береді?» – деді жәбірленуші Аружан Cейділлә.

Жауаптылар опырылған жерді қайта жауып, бетін тегістеп қойған. Алайда тұрғындардың көңілі әлі де күпті. Себебі алдағы қар мен жауыннан кейін тағы да опырылып кетуім мүмкін. 

«Істеген жұмыстары ұнап тұрған жоқ. Жүрсең жер қимылдайды. Техника керек, адамдар аяғымен таптады», – деді қала тұрғыны Нигара Ташкенбаева.

Ал жауапты мекеме болған жағдайға нөсер жаңбыр себеп деп отыр. Толассыз жауын салдарынан топырақ шөгіп, жаяулар жолы опырылған.

«Жауын-шашын салдарынан жылу құбыры өтетін аумақтағы тротуар плиталары түсіп қалған. Зақымданған жердің жалпы аумағы 2 шаршы метрді құрайды. Қазір бүлінген бөлікке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумақ толық қалпына келтірілді», – делінген «Қуатжылуорталық-3» МКК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Десе де жұрттың жол сапасына көңілі толмай отыр. Өйткені, мұндай олқылықтар бұған дейін де талай рет болған. Енді тұрғындар жауапты мекемелердің қауіпсіздікке бей-жай қарамауын талап етеді.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Жарық жиі сөнеді, газ жоқ: Ақтау тұрғындарының инфрақұрылымдық мәселелері қашан шешіледі