Шымкенттіктер жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын телефон арқылы көре алады

Әскерге шақырылушылар медициналық тексеруден «Face ID» арқылы тіркеліп өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте цифрлық технологиялардың көмегімен бірқатар қызмет түрі жеңілдетілді. Енді әскерге шақырылушылар медициналық тексеруден «Face ID» арқылы тіркеліп өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді әскерге шақырылушының жеке басын анықтау үшін құжат жеткіліксіз. Шымкентте медициналық тексерістен өтетін азаматтарды тіркеу «Face ID» арқылы жүргізіле бастады. Жүйе азаматтың сараптамадан өткен уақытын автоматты түрде белгілеп отырады. Бұл тәртіпті күшейтіп, шақыру науқанының ашық әрі жүйелі өтуіне сеп болмақ.

«Бұл жүйе азаматтардың екінші рет қайталап өтуіне жол бермейді. Азаматтар арасында медициналық комиссиядан өтпей қалуы, азаматтардың дәлелмедесі ретінде жүргізілмек», – деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әжімұхан Шынтаев. 

 Мұндай цифрлық мүмкіндіктер жедел жәрдем қызметін де жеңілдетіп отыр. Енді шымкенттіктер шақырған дәрігердің қай жерде келе жатқанын телефоннан көре алады. Ол үшін тұрғынға арнайы сілтеме жіберіледі. Сол арқылы азаматтар жедел жәрдем көлігінің қозғалысын бақылап отырады. Мамандар бұл жүйенің арқасында диспечерлерге түсетін жүктеме 5 есеге азайғанын айтады.

«Қалай таксиді шақырамыз, сондай қызмет көрсетіледі. Бізде жаңа құрылыс аймақтары бар. Ол кезде жедел жәрдем көлігі үйді таба алмайды. Енді бұл мәселе шешілді», – деді Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.

Сондай ақ қалада жедел жәрдемнің қозғалысын жеңілдететін «жасыл дәліз» жобасы да іске қосылған. Бұл көліктің кептелісте кідірмеуіне мүмкіндік береді. Адам өміріне қауіп төнген жағдайда жедел жәрдем жақындаған бағыттағы бағдаршам автоматты түрде жасыл түске ауысады.

«Қазір көрсеңіздер жедел жәрдем фелчерлерінде әрқайсысында видео-жетон болады. Ол жетондағы видеоматериал  ПД-нің жедел басқаруға орталығына жалғанған. Ол жерде СОС кнопкасы бар. Ол дер кезінде көмек шақыруға мүмкіндік береді. Сондай ақ онда арнайы бейне аналитикалық жүйе бар. Арнайы КӨМЕК деген сөзді айтқан кезде оған реакция жасап, 102 пультіне қоңырау түседі», – деді Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.

 Айта кетейік, бұл цифрлық жобалардың барлығын шымкенттік мамандар әзірлеген. Қалалық цифрландыру басқармасы отандық жобаларды қолдауға басымдық беретінін жеткізді. Осылайша жергілікті мамандардың идеясы іске асып, тұрғындардың өмірін жеңілдетіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 35 мың орындық жаңа футбол стадионы салынып жатыр