Декларация шекараны шегендеуге, дербес экономикалық саясатты айқындауға, қарулы күштер бен мемлекеттік басқару органдарды жасақтауға жол ашты
Бүгін – азаттыққа ұмтылған алаш баласының арманы ақиқатқа айналған күн. Егемендіктің бастауы болған ұлттық мереке еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республика күнінің мәні де, мазмұны да ерек. 13 жылдық үзілістен соң қайта жаңғырған ұлттық мереке биыл үшінші рет тойланып отыр. Отыз төрт жыл бұрын 25 қазанда қабылданған Тәуелсіздік декларациясы – елдікке бастаған тарихи құжат. Ол Жоғары кеңестің 6 сағатқа созылған талқылауынан соң көпшіліктің басым даусымен күшіне енді. Сол сәтте қазақтың сан ғасырлық арманы ақиқатқа айналды.
"Мереке көп болып кетті" деп Тәуелсіздік күні бар болғандықтан "Республика күні қажет емес" деген шешім қабылданған. Бірақ тарихи әділеттілік қайта қалпына келді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек.
Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Егемен елдің іргетасы қаланып, рәміздер бекітілді. Мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі жарияланды. Ал 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.
"Мемлекетіміз тарихын білуіміз керек. Көрші елдерде түрлі қақтығыстар болып жатыр. Елдегі тұрақтылықты, бейбіт өмірді бағалай білуіміз керек", – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.
Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 34 жыл болды. Маңызды құжат – тәуелсіздік бастауы. Декларация шекараны шегендеуге, дербес экономикалық саясатты айқындауға, қарулы күштер бен мемлекеттік басқару органдарды жасақтауға жол ашты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Almaty Puppet Festival Алматыда халықаралық қуыршақ фестивалі өз мәресіне жетті