Отандастарымызды әуе рейстерінен бөлек, жерүсті жолдары арқылы қайтару жүзеге асырылуда
Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты шетелде қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару жалғасып жатыр. Күні кеше Алматы халықаралық әуежайына Оман астанасынан 2 әуе кемесі келіп қонды. Осылайша, Масқат арқылы 354 адам отанына оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әуежайының күту залы адамға лық толды. Жұрт Таяу Шығыс елдерінен келетін туыстарын тағатсыздана күтті. Қатарында Зәмзәгүл Меңдібаева да бар. Ол қызы мен немересінің елге дін аман келгенін тілеп, жақындарымен көзіне жас алып қауышты.
«10 сағат бойы Оман Масқат қаласына автобуспен бардық. Аллаға шүкір үш жарым сағатта Алматыға жеттік. Қазақстан мемлекетіне, Сыртқы істер министрлігіне, алғыс айтамыз!», – деді ¤қала тұрғыны Әсел Меңдібаева.
Таяу Шығыс елдерінде қалып қойған қазақстандықтарды елге жеткізу қарқынды жүргізіліп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері 9 мың 517 отандасымыз туған жерге оралған. Ал күні кеше Оман астанасы Масқаттан тағы екі әуе кемесі Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды. Алғашқы болып кешкі сағат 19:00 шамасында келген рейс 177 азаматты елге жеткізді.
«Бұған дейін сабыр етуге тырыстым. Ұшақ қонған кезде көзіме жас алдым. Қуанғаннан жыладым! Барлығына алғыс айтамыз!» – деді Тараз қаласының тұрғыны Жанерке Несіпбаева.
«Күшті, өз елің, жеріңе ештеңе жетпейді. Бауырларың, қазағың! Ешқайда шықпайтын болдық қой», – деді қала тұрғыны Ералы Рәбіл.
Айта кетейік, отандастарымызды әуе рейстерінен бөлек, жерүсті жолдары арқылы қайтару жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түрікменстанның құрлықтағы шекаралары арқылы эвакуациялау жүргізіліп жатыр.
Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайына Оман астанасынан ұшқан алғашқы рейс қонды