Швециядан келген маман, эндоваскулярлық хирургияның жетекші сарапшыларының бірі Наузад Салех 5 операцияға қатысты
Алматының медицина мамандары қолқа қақпақшасын имплантациялау бойынша тәжірибе алмасты. Швециядан келген маман, эндоваскулярлық хирургияның жетекші сарапшыларының бірі Наузад Салех 5 операцияға қатысып, жас дәрігерлерге емдеудің озық тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысының тұрғыны Құралай Желдікбаева соңғы жылдары көп ентігетінін, тез әлсіреп қалатынын, қимыл қозғалысының қиындағанын айтып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бір жыл бұрын 70 жастағы зейнеткер жүрегінің сол жақ қақпақшасында ақау барын білген. Бүгінде ол Алматы қалалық кардиологиялық орталығында қолқа қақпақшасын аз инвазивті тәсілмен имплантациялау отасын жасатып, жағдайының бірден жақсарғанын айтты.
"Дәрімен емделмейтінін айтты. Кеше ота жасады, бүгін екінші күн, шықтым. Емін-еркін қозғаламын, ентігім де басылған сияқты. Барлық дәрігерлерге рақмет", – деді науқас Құралай Желдікбаева.
Халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған жобаның мақсаты – заманауи технологияларды енгізіп, әлемнің жетекші сарапшыларымен бірлесе жұмыс істеу. Бұл жолы іс-шара қолқа мен аорталық қақпақшаның күрделі ауруларын емдеудің озық әдісіне арналған. Бұл салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар профессор Наузад Салех шеберлік сабағын өткізуге шақыртылған. Ол қолқа клапанын имплантациялау отасын TAVI тәсілімен жасап, тәжірибесін ортаға салды. Бұл – аорта стенозы бар науқастарды емдеудің революциялық нұсқасы. Себебі олар үшін ашық операция қауіпті.
"Аорта стенозын ерте диагностикалаудың маңызы зор. Бірден ем алмаған жағдайда науқастардың денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Мұндайда TAVI әдісі ең заманауи әрі тиімді саналады. Әсіресе 50-ден асқан егде жастағы науқастар бұл аз инвазивті тәсілдің арқасында бірден аяққа тұрып кете алады", – деді хирург, профессор Наузад Салех (Швеция).
"Бұл ота түрін медициналық орталығымызға енгізгелі бірнеше жыл болды. Алматылықтар, жақын аймақтағы тұрғындар операция жасату үшін Астанаға баратын. Қазір бұл ота түрі бізде де қолжетімді. Шеберлік сабақтары халықаралық стандарттарды біріктіруге, жаңа әдістерді меңгеруге, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді", – деді қалалық кардиология орталығының директоры Роза Қуанышбекова.
Қалалық кардиологиялық орталығында мұндай тәжірибе алмасуға арналған іс-шаралар жыл бойы өтпек. Бұған дейін медициналық мекемеге Германия, Польша және Ресейден мамандар келген. Әлемнің жетекші сарапшыларымен бірлескен операцияларды ұйымдастыру келер жылы да жалғасын таппақ.
Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Қазақстанда күн суытады