Тегін медицина және озық технология: Қазақстан кардиологиясы әлемдік деңгейге көтерілді

Бір жыл ішінде кардиохирургиялық операция көлемі 68 пайызға артқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші соңғы жылдары 34 пайыз азайған. Бұл туралы халықаралық кардиологтар конференциясында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

Алқалы жиынға елімізден бөлек, Орталық Азия, Еуропа және Қытайдан келген мамандар қатысты. Басқосуда кардиологиядағы соңғы жетістіктер талқыланып, күрделі отаның бірі тікелей эфирде көрсетілді. Дәрігерлер кардиоорталықтағы операция барысын конференция залынан онлайн бақылады. Жоғары технологиялық әдістер жүректің күрделі патологиясын да барынша аз жарақатпен емдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Алматыда бір жыл ішінде кардиохирургиялық операция көлемі 68 пайызға артқан. Еліміздегі интервенциялық кардиологияның даму қарқынын стенттеу көрсеткішінен де байқауға болады. 2005 жылы елімізде небәрі 171 стенттеу жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 33 мыңға жеткен.

«Осыдан 10-20 жыл бұрын шетелде алғаш жасалып жатқан көптеген операция бізге қол жетпес армандай көрінетін. Бүгінде Қазақстанның интервенциялық кардиологиясы әлемнің жетекші елдерінде жасалатын операциялардың басым бөлігін өз деңгейінде орындай алады. Ең бастысы – елімізде жоғары технологиялық операциялар пациенттерге тегін жасалады. Бұл салаға деген сенімді арттырып, кардиологияның алдағы уақытта да қарқынды дамуына мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Интервенциялық кардиолог, umc жүрек орталығының жоғары санатты дәрігері Серік Әлімбаев.

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық жүйе іске қосылды