Облыс бойынша 945 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр
Түркістанда дауыс беру учаскелерінде жәрмеңке өтті. Референдумда таңдауын жасаған тұрғындар дәл сол учаске маңында азық-түлікті арзандатылған бағада сатып алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, аймақта 1 миллион 180 мыңнан астам адам таңдау жасау құқығына ие.
Бұл – Түркістан қаласындағы дауыс беру учаскелерінің бірі. Бір қызығы, жеміс-жидек пен көкөніс, ет және сүт өнімдерін де осы жерден табуға болады. Жәрмеңкеде тауар өндірушілер өнімдерін нарықтағы құннан төмен бағада ұсынған. Таң атпай таңдауын жасаған жұрт сол мүмкіндікті пайдаланып, арзан азық-түлікті көптеп алуға тырысты.
"Референдумға қатыстық. Арзан өнімдерді сатып жатыр. Картоп 100 тг, сәбіз 100 тг, майың 2000-нан сатылып жатыр", – деді қала тұрғыны Макира Қалтаева.
Облыс бойынша 945 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Аудан-қалаларда тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын да айта кеткен жөн. Өңірде алғаш рет таңдауын жасағандар көп. Солардың бірі – Несібелі Сегізбай. Журналистика мамандығының студенті елде АЭС салынуына қатысты дауыс беріп, естелік сыйлыққа ие болды.
"Бірінші рет дауыс бердім. Сол себепті де ерте келдім. Мұндай қошеметке ие боламын деп ойламадым. Сыйлық алдым, өте қуаныштымын", – деді қала тұрғыны Несібелі Сегізбай.
Жалпыұлттық референдумда белсенді әжелер де таңдауын жасады. Олар дауыс берген соң учаскеде әуелете ән салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған. Айта кетейін, Орталық сайлау комиссиясы сағат 14:00-де жариялаған дерекке сәйкес, Түркістан облысы тұрғындарының 67,38 пайызы таңдау жасап, дауыс берген.
Нұркен Әкімхан, Түркістан
Оқи отырыңыз: Таразда Олимпиада чемпионы Елдос Сметов таңдауын жасады