Халық арасында «Заречный түрмесі» деп танылған мекемеде 1100-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр
«Еркіндіктің қадірін осында келіп түсіндім. Оған ештеңе жетпейді». Бұл Алматы облысы Алатау қаласындағы №57 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушының сөзі. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты нысанда ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халық арасында «Заречный түрмесі» деп танылған мекемеде 1100-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №57 нысанында тек алғаш рет қылмыс жасағандар қамалады. Қауіпсіздігі орташа деп саналғанымен, мұнда екі-үш жылдан бастап жиырма бес жылға дейін жаза арқалағандар да бар. Әдетте есігі тарс жабылып, қауіпсіздігін жүздеген күзет сақтайтын мекемеде ашық есік күні өтті.
«200 сотталушының ата-анасын кіргізіп, жүздестіріп жатырмыз. Екіншіден, спартакияда жеңімпаздарын туысқандардың көзінше марапаттаймыз», – деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің № 57 түзету мекемесінің бастығы Ұлан Арғынбаев.
Мекеме жалпы 7 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда тұрғын жайлармен қатар өндірістік аймақ бар. Алты жатын корпусында күн тәртібі сағат 6:00-де басталады. Сотталғандар цехте жұмыс істеп, спортпен айналысуға да мүмкіндік алады. Түрмеде әртүрлі ауырлықтағы қылмыс жасағандар отыр. Кезінде лауазымды қызмет атқарған азаматтар мен танымал тұлғалар да бар. Олармен біз сұхбаттасып көрдік. Көбінің көкейін өкініш кернейді.
«Көп жас балалармен араластым, жасы келген кісілермен араластым. Қылмысқа ұрынып қалдық деп өкініп отыр. Үш жыл қалды, жаңа мамандық бойынша білім алып жатырмын», – деді жазасын өтеуші.
«Бірінші соттан ақталып шықтым, екінші-аппеляциялық соттан сотталдым. Енді Жоғарғы сотқа жазып жатырмыз, ақталам деп ойлаймын. Бостандыққа шыққаннан кейін ең бірінші үй-ішіме, әке-шешеме, туған бауырларыма барамын. Әрі қарай жұмыс істеп, жастарды қылмыс істемеуге шақырамын», – деді жазасын өтеуші.
Дәл қазір біз № 57 орташа қауіпсіздік мекемесінің жатын блогында бір бөлмеде 80-нен 100-ге дейін адам тұрады. Осындай алты ғимараттан тұратын аумақта 700-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл мекемедегі жиһаздардың барлығы — сотталғандардың өз қолымен өндіріс цехтарында жасалған бұйымдар. Бұлар тек өз қажеттілігіне ғана емес, сатуға да шығарады.
Кездесуге келген сотталушылардың туыстары түрлі сезімде. Бірнеше сағатқа созылған жүздесу – сағынышты басқанмен, жараны жеңілдетпейтіні анық.
«Осы жерге түскен немереме келіп отырмын. Балаларды тиынменен алдап шақырып, тура жолдан тайдырып жатыр. Болашағы алда еді, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ашық есік күніне бірінші рет келдім», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Тынымгүл Есқараева.
Бір айда бұл түрмеге шамамен 20-25 адам түседі. Қазір мұндай тузету мекемелері жыл сайын жаңартылып, тұрмыс пен еңбек жағдайы жақсарып келеді. Бірақ тәртіп бұзғандарға жаза қатаң.
Тәртіп изаляторында ішкі тәртіпті бұзған сотталушылар отырады. Жалпы 15 күннен 1 айға дейінгі мерзімді осындай тар бөлмеде өтейді.
№57 түзету мекемесі басшылығы ашық есік күнін әр 6 ай сайын өткізуге тырысатынын айтып отыр. Себебі абақтыда отырған әр жан жақындарымен жүздесуге асығады.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әріптесін өлтіріп, көміп тастаған ер адам сотталды