Астанада қызмет кезінде қаза болған Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Қазір күдікті – қасбеті құлаған тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязова. Істің екінші сот отырысында айыпталушыны қорғауға тағы бір адвокат қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол қылмыстық материалдармен толық танысу үшін соттан қосымша уақыт беруді сұрады. Алайда істі қарап жатқан судья Меруерт Абаева бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Осыдан кейін қорғаушы тарап төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіріп, одан бас тартуды сұрады. Адвокаттардың пікірінше, қорғаушыға істің барлық материалдарымен танысуға мүмкіндік берілуі керек.
«Құрметті сот, мен төрағалық етушінің әрекетіне қарсымын. Осы қарсылығымды сот отырысының хаттамасына жазуды сұраймын. Оның өзіне қанша адвокат жалдайтыны, 2 адвокат па, 10 адвокат па, бұл оның заң бойынша берілген құқығы. Заңда оған екі-ақ адвокат болуы керек деген тыйым жоқ. Мен соттан өзіме қандай да бір ерекше жағдай жасауды сұрап отырған жоқпын. Мен тек 336-баптың 3-інші бөлігінде көрсетілген талапты орындауды сұрап отырмын», – деді сотталушының қорғаушысы Асхат Әлімов.
Ал судьяға қатысты қарсылықты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарады. Ол судья Меруерт Абаеваны істі қараудан шеттетуге жеткілікті негіз жоқ екенін айтты. Осылайша қорғаушы тараптың судьяға білдірген қарсылығы қанағаттандырылмады.
Оқи отырыңыз: Алматыда балалар контентінің сапасы талқыланды