Ұмытылу құқығы: елімізде цифрлық жүйедегі қауіпсіздік күшейтіледі

Енді жарнамалық қоңырауларды өшіруді талап етуге мүмкіндік бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде цифрлық жүйедегі қауіпсіздік күшейтіледі. Бүгін Сенат отырысында Кодекс екі оқылымда да мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжаттың қабылдануы нәтижесінде киберқауіпсіздік мәселелері заң аясында реттелетін болады. Осылайша алдағы уақытта азаматтардың жеке деректері мен цифрлық сәйкестендіруі заңмен қорғалып, оларды заңсыз пайдалану қатаң бақыланады.

Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдар, ұйымдар және цифрлық орта субъектілері биометриялық деректерді тек Қазақстан заңнамасында тікелей көзделген жағдайда ғана өңдей алады. Байланыс операторлары абоненттерін алаяқтардан қорғау мақсатында арнайы антифрод орталықтарын құруға міндеттеледі.

«Киберқауіпсіздік мәселелері енді дербес «Киберқауіпсіздік туралы» заң аясында реттеледі, оның нормалары халықаралық стандарттарға сай жасалған. Сонымен қатар байланыс саласындағы құқықтық реттеу жетілдіріледі. Байланыс операторларына ішкі антифрод жүйелерін енгізу және рұқсатсыз трафикті бұғаттау міндеттері жүктеледі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова.

Айта кетейік, жаңа Цифрлық кодексте тұтынушылардың «ұмытылу құқығы» бекітілген. Бұл нормаға сәйкес, бұрын берілген жеке деректер келісімсіз пайдаланылып жатса, тұрақты түрде жарнамалық қоңыраулар келсе, оларды өшіруді талап етуге мүмкіндік бар. Аталған өзгеріс азаматтарға жеке деректерін өз бақылауына алуға және оларды пайдалануды шектеуге мүмкіндік береді.

 «Цифрлық кодексте азаматтардың өтініші бойынша жеке деректерді өшіру немесе өңдеуді тоқтату міндеті мен жауапкершілігі бекітілген. Бұл тәртіп заңдар мен қосымша нормативтік актілер аясында реттеледі. Заңға сәйкес, азаматтың өтінішінен кейін мұндай шаралар 15 күн ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, сізге қоңырау шалуды тоқтату, деректеріңізді өңдеуді доғаруды немесе атыңызды жүйелерде көрсетпеуді қамтамасыз ету міндетті түрде орындалады», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Жасанды интеллекті мен цифрлық экономика – дамыған елдерге тән басты үрдіс

Новости партнеров