Ұшақ апаты: Ақтауда жолаушыларға көмектескендер марапатталды

Марапатталғандардың арасында  "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамының жұмысшылары да бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде аман қалған жолаушыларға алғашқы болып көмектескендер марапатталды. Олардың қатарында өрт сөндірушілер мен дәрігерлерден бөлек, өңір тұрғындары да бар. Қиын сәтте қаһармандық танытқандардың бірі – ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын алса, кейбірі Рахымжан Қошқарбаев атындағы үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төбеден құлдилай құлаған ұшақты ең алғашқылардың бірі болып көрген Қуаныш Сүйінбаев. Ол Ақтау-Форт-Шевченко бағытында жолға шыққанда апаттың үстінен түскен. Сол сәтте жанып жатқан ұшақтың маңына барып, жаны аман қалған жолаушыларды шығара бастаған. Қысылып жатқан адамдарды көріп, ұшақтың авариялық есігін ашуға да көмектескен. Қуаныш бүгінде кеме тасымалымен айналысатын мекемеде радио оператор қызметін атқарады. Оларды жұмыста да алғашқы көмекті көрсету курсынан өткізеді. Ол сабақтың көмегі тигенін айтты. Ерлік танытқан азамат ел Президентінің алғыс хатын алды.

"Ұшақ көз алдымда қайғылы жағдайға тап болды. Көлікті бұрып, сол жерге бардық. "Жарылып кете ме?" деген қауіп болды. Ойланатын уақыт болмады. Адамдарды аман алып қалу – мақсат. Қай азамат болса да, қарап қалмас деп ойлаймын, сенемін. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне рахмет айтамын", – деді марапат иесі Қуаныш Сүйінбаев.

Мемлекеттік награда алғандардың бірі – Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің маманы. Басқұдық ауылындағы № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі – Серіболат Оңғар. Ол сын сәтте танытқан ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Серікболат ұшақ апатқа ұшыраған сәтте өртті өшіріп, аман қалғандарды алып шығуға көмектескен.

"Өртті сөндіріп, адамдарды құтқардық. Оңай емес, жұмыс ауыр болды. Бәріне төтеп беру керек. Еңбегімізді елеп жатыр. Президентке, облыс әкіміне алғыс айтамыз!" – деді Маңғыстау облыстық ТЖД Басқұдық ауылы № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Серіболат Оңғар.

Марапатталғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, медицина мамандары мен полицейлер, сондай-ақ "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамының жұмысшылары да бар. Ақтау әуежайының қызметкерлерімен қатар, өз еркімен көмек қолын созған өңір тұрғындары да алғыс айтылды.

Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтаудан 25 шақырым жерде Әзербайжан ұшағы құлап, 29 жолаушы аурухана түскен, ал 38 жолаушы қайғылы жағдайда қаза тапқан. Оның ішінде Қазақстанның 6 азаматы бар.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: жолға шығарда қандай сақтық шарасын сақтау керек

Новости партнеров