Үшінші сәбиін күткен келіншек көз жұмды: туыстары дәрігерлерді айыптайды

Келіншек жүктіліктің 29-аптасында қан қысымы күрт жоғарылап, жедел жәрдем шақыртқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде дәрі еккеннен кейін көз жұмған Айжан Аязбаеваның туыстары марқұмның өліміне ақ халаттыларды кінәлайды. 29 қарашада жүкті әйелдің қан қысымы күрт жоғарылап, жедел жәрдем шақыртқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Руслан Сырлыбаев пен Айжан Аязбаева үшінші сәбиінің дүние келуін күтіп жүрген. Келіншек жүктіліктің 29-аптасында қан қысымы күрт жоғарылап, жедел жәрдем шақыртқан.

«Жедел жәрдем көлігі келді, дәрігерлер қан қысымын өлшеді. Бір жағында қан қысымы тонометр 210, ал екінші қолын өлшеген 185 мм сын. бағ. көрсеткен Көп күтпей магнезия салды», – деді марқұмның жұбайы Руслан Сырлыбаев.

Қан қысымын төмендету үшін салынған екпеден кейін марқұмның жағдайы нашарлаған. Бірден есінен танып, ауруханаға жеткізіліпті. Онда әйелге кесір тілігі отасы жасалған. Бірақ сәбиін аман алып қалу мүмкін болмады.

«Комаға түсті, аузы көпіріп, көгеріп кетті. Жүрегі тоқтады», – деді марқұмның жұбайы Руслан Сырлыбаев.

Марқұм 13 күн жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмған. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аталған іске қатысты тексеріс басталғанын айтты.

«Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексеріс жүргізілуде. Жан-жақты қаралады. Қорытынды жасалып, ақпарат марқұмның туыстарына ұсынылады. Қажет болған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарына да беріледі», – деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Анар Ақатаева.

Алдын ала мәлімет бойынша, Айжан Аязбаеваға өкпе қабынуы диагнозы қойылған. Бірақ марқұмның жақындары қайғылы жағдайға аталмыш ауру емес, «ақ халаттылардың салғырттығы себеп болды» деп отыр. Сондықтан олар іс тергеліп, кінәлі заң алдында жауап беруін талап етуде.  

Диана Тұрлыбек, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек, Ақтөбе облысынан

Оқи отырыңыз: Жезқазғанда 320-дан аса киік мүйізі заңсыз сақталған

Новости партнеров