Ұстаздар күні: Алматыда жас мамандар ант қабылдады

Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің жанында ұйымдастырылған іс-шараға 7 маман қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ұстаздар күніне орай ерекше рәсім өтті. Шаһардағы Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің жанында ұйымдастырылған іс-шарада 7 жас маман ант қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айша Кенжебекқызы – жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол қыркүйек айында №3 жалпы білім беретін мектепке жұмысқа орналасып, небәрі бір айдың ішінде оқушылар жүрегіне жол тауып үлгеріпті. Себебі жас ұстаз оқытуда жасанды интеллектіні қолдануды басты назарға алған. Ол «бұл әдіс тақырыпты түрлендіріп, оқушыны қызықтыра түседі» дейді.

«Сабақта жасанды интелектіні, сонымен қатар заманауи платформаларды пайдаланамын. Оның қатарында «learning apps», одан кейін квест жасайтын түрлі жаңа платформалар бар. Бұл платформалар арқылы біз балалардың сабаққа деген зейінін аша аламыз. Сонымен қатар балалардың қызығушылығы оянып, сабақта белсенді болуға тырысады», – деді № 3 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Айша Кенжебекқызы.

№3 жалпы білім беретін мектепте биыл Айшадан бөлек, жеті жас маман еңбек жолын бастапты. Олардың қатарында әлеуметтік педагог, тарих пәнінің мұғалімдері мен әдебиет пәнінің оқытушылары бар. Олар ұстаздар күніне орай ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші алдында ант қабылдап, болашақ ұрпаққа білім беруде көрнекті педагогтың сара жолын жалғайтынын жеткізді.

«Ыбырай Алтынсарин атамыздың ескерткішінің жанында ант қабылдадық. Біз ант қабылдау себебіміз мектеп баспалдағын аттаған балаларды «тарыдай болып кіргізіп, таудай болуына» үлесімізді қосамыз. Балаларға сапалы білім, сапалы тәрбие беруге ант бердік», – деді № 3 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Еркебұлан Жүніс.

«Ұлы ұстаз, қазақтан шыққан Ыбырай Алтынсаринның ескерткішінің алдында ант қабылдау рәсімін өткізіп отырмыз. Барлығының тұлғалық бейнесіне қарап жастарға сенер едім. Болашақ ұстаздың қолында, білімнің нәрін беру әрине ұстаздың қолында. Сондықтан да жастарға сенемін, тек биікке өрлейтініне көзім жетеді», – деді № 3 жалпы білім беретін мектептің директоры Сәуле Жұмабекова.

Айта кетейік, №3 жалпы білім беретін мектептің іргетасы 1950 жылы қаланған. Бүгінде мұнда 434 шәкірт тәлім алып жатыр. Оқушылардың тәрбиесі мен оқуында 52 ұстаз аянбай еңбек етуде. Мектеп басшылығының айтуынша, алдағы уақытта жас мамандардың қатарын көбейту жоспарда бар.

Мәди Мәлік. Ернат болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының әкімі мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтады

Новости партнеров