Үлкен жанұяның жалпы еңбек өтілі – 85 жыл
Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы іс. Ал бұл жауапты жолды бүкіл әулетімен таңдаған жандар – қоғамның нағыз арқа сүйер тұлғалары. Мұғалім болу – олар үшін тек мамандық емес, өмір салты. Маңғыстауда білім саласында жалықпай еңбек етіп жүрген – Байназаровтар әулеті тұрады. Үлкен жанұяның жалпы еңбек өтілі – 85 жыл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұстаздық қабілет 4-ұрпаққа дейін жалғасқан шаңырақтан түрлі пән мұғалімі мен мектеп директоры шыққан.
Асылбек Байназаров 1949 жылы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі де, анасы да көп жылдар бойы аудан мектептерінде ұстаз болып, басшылық қызмет атқарған. Ал Асылбек Байназаров алғашқы еңбек жолын 1970 жылы физика пәні мұғалімі болып бастап, кейіннен мектеп директоры болып қызмет етті. Бүгінде ардагер ұстаз өмірден озған. Ал жұбайы Шарау Түйешиева жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі. Ол да ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шығыпты.
«Ардагер ұстаз ретінде айтарым, адал, балағада жұғымды болу керек, баланы қайжағынан қалай тәрбиелеу керек екенін түсіну керек. Өзің үлгілі болуың тиіс», – деді ардагер ұстаз Шарау Түйешиева.
Байназаровтар әулетінде 7 бала өмірге келген. Соның алтауы ұстаздық жолды таңдапты. Әулеттегі балалардың алды Жанар Байназарова мектепті «күміс медальмен» бітіріп, жоғарғы оқу орынын үздік аяқтады. Қазір Мұнайлы ауданындағы мектептердің бірінде директор қызметін абыройлы атқарып келеді.
«Өзім қазақ тілі пәнін таңдадым. Себебі атам сияқты қазақ тілінің білгір маманы болғым келді. Қазір қарап отыратын болсақ, әулетімізде бастауыш сынып, математика пәнінің мұғалімі бар. Ал балалар физика, тарих пәнін таңдаған», – деді Мұнайлы ауданы №3 мектеп директоры Жанар Байназарова.
Әулеттегі немелер мен жиендердің де арасында ұстаздық жолды таңдаған жас мұғалімдер бар. Солардың Назкен Асылбекова. Ол Шетпе лицейін «Алтын белгіге» бітіріп, жоғары оқуды тәмамдап, қазір Ақтау қаласындағы жалпы білім беретін мектепте математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.
«Мен бұл мамандыққа кездейсоқ келген жоқпын. Бала кезімнен осы ұстаздардың арасында өскендіктен, олардың жұмысына деген адалдығын, шәкіртке деген махабатына куә болып өстім. Жас маманмын, сондықтан білмейтін тұстарым өте көп, үйде бірден әжемнен сұраймын», – деді математика пәнінің мұғалімі Назкен Асылбекова.
Байназаровтар әулеті – тек ұстаздар династиясы емес, білімді ұрпақ тәрбиелеп отырған шаңырақ. Жанұядан 14 алтын иегері шыққан. Көпшілік сол үшін медалистер династиясы деп те атайды.
Жасұлан Мұқан, Мұқаали Нұрдәулет, Нұрсұлтан Нұржанов, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Елімізде ер мұғалім көп пе