Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы тәртібін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды
Алматы қаласы полиция Департаментінде 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жедел-қызметтік қызметтің нәтижелері қаралған кеңейтілген кеңес өтті, — деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кеңес барысында атап өтілгендей, жалпы алғанда қаладағы криминогендік ахуал тұрақты деңгейде сақталуда. Қылмыс деңгейі 12%-ға төмендеді. Атап айтқанда, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, ұрлық, тонау, алаяқтық және интернет-алаяқтық сияқты санаттар бойынша көрсеткіштер азайған.
Сонымен қатар аталған қылмыстардың ашылу деңгейі де артқан. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы тәртібін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полиция жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Басым бағыттардың қатарында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі қылмыстарымен күрес, цифрлық шешімдерді дамыту және полиция қызметіне жасанды интеллект элементтерін енгізу де бар.
"Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылықтарға тек салдарымен күресу емес, олардың алдын алу. “Заң мен тәртіп” қағидаты полиция қызметкерлері үшін де, барлық азаматтар үшін де күнделікті өмір нормасына айналуы тиіс", – деп атап өтті Алматы қаласы полиция Департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов.
Оның айтуынша, профилактикалық жұмысты күшейтуге, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын арттыруға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге баса мән берілуде.
"Біз цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп, қылмыстарды ашу тиімділігін арттырудамыз. Ең бастысы – азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық береміз", – деді Айдын Кабдулдинов.
Кеңес қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Олардың қатарында қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайту, профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және халықтың полицияға деген сенімін арттыру бар.
Оқи отырыңыз: Жас ғалымдар форумында Қорғаныс министрлігі әскери жоғары оқу орнының офицерлері үздік атанды