Өңірде 50 мыңнан аса адам тұмау белгілерімен дәрігерлерге жүгінген
Жамбыл облысында тұмаудың өршуіне байланысты 16 мектеп онлайн оқытуға көшті. Оның 12-сі Тараз қаласында болса, қалғаны Талас пен Меркі ауданындағы білім ошақтары, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы өңірде 50 мыңнан аса адам тұмау белгілерімен дәрігерлерге жүгінген. Оның 35 мыңы – бала. Сынама алған мамандар 50-ден аса науқастың Гонконг тұмауын жұқтырғанын анықтап отыр. Қазір қаладағы мың адамға шақталған жұқпалы аурулар ауруханасы 90 пайызға толған. Төсек орындары жетіспегендіктен, жаңа келіп түскен пациенттерді облыс орталығына жақын аудандарға жіберіп жатыр.
«Ауруханаларға келушілердің басым көпшілігі балалар. Сондықтан қабылдау пунктеріне қосымша дәрігерлерді қосып жатырмыз. Жұқпалы аурулар ауруханасына тағы 300 орын қостық. Былтыр мен арғы жылғы эпидемиологиялық маусымға қарағанда науқастар саны 12 пайыз артты. Соған қарамастан өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты», – деді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев.
Оқи отырыңыз: ЖРВИ-ге қарсы препараттар жетіспейді: ДСМ әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды