Жамбыл облысында 5 ауылдың шаруалары суға зәру

Жауаптылар Талас өзеніне қырғыз елінен онсыз да аз мөлшерде су келетінін айтып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында 5 ауылдың шаруалары соңғы 10 жылдан бері ағын судың азабын тартып келеді. Талас өзенінің суы тым аз, аяғындағы диқандарға мүлде жетпейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Сарысу ауданындағы 5 ауылдың шаруалары. Егін және мал шаруашылығымен күнелткен көпшілік кейінгі жылдары суармалы суға жете алмай отырғанын айтты. Оның себебі Талас өзеніндегі су арна соңына жетпейді. Оған қоса канал іші тазаланбағандықтан тіршілік нәрі де кем келеді.

«Ауылдан көшіру – сөздің шыны. Қара халықты қанап отыр ғой», – деді Жайылма ауылының тұрғыны Аманбай Садуов

Ауылдықтар судың мол көлемі келгенін осыдан 10 жыл бұрын көрген. Содан бері сарқырап аққан ағын су жоқ. Салдарынан жерасты суы төмендеп кеткен. Жұрт егін салуды да ұмытқандай.  Малға азығы азайған соң, шаруалар көрші ауылдан шөп тасып әлек.  

«Түйе малынан басқасының бәрі қолға қарап тұр. Жылқы, сиыр, қой қорда тұр. Малға қарап отырмыз ғой, ол тоқ болса, біз де тоқ боламыз», – деді Жайылма ауылының тұрғыны Мұхамедияр Сыздықов.

Ал жауаптылар Талас өзеніне қырғыз елінен онсыз да аз мөлшерде су келетінін айтып отыр.  Мәселен «Киров» су қоймасынан секундына 5 текше метр су ағып жатыр. Бұған барлық аймақтағы құрғақшылық себеп екенін айтты. Десе де мәселені шешу үшін аудандарға су қоймасын салмақ. 

«Талас ауданымен Байзақ ауданы шекарасынан «Ақмола» су қоймасын салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Тиісті мамандар қайта қарауда. Биыл немесе келесі жылы «Ақмола» су қоймасының құрылысын бастауды жоспарлап отырымыз», – деді  «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов

«Қазсушар» басшылығы арна тазарту жұмыстарын жергілікті билік атқаруы тиіс деп отыр. Ал су қоймаларының құрылысы бір жылда біте қоймайды. Сондықтан олар пайдалануға берілгенше аз суды бірдей бөліп амалдай тұруға тура келмек.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізде вице-президент лауазымы пайда болады

Новости партнеров