Жамбыл Жабаев -180: Алматыда ашылған көрмеге ақынның қолжазбалары қойылды

Көрмеде Жетісудің дүлділі киген киімдер мен қолданған музыкалық аспаптарын тамашалай алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр. Шығармалары 44 тілге аударылған, жыраулық дәстүрді сақтап, дамытқан ұлы ақынның мерейтойына орай Алматыда арнайы көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шарада көпшілікке «Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінде» сақталған жәдігерлер көрсетілді. 3 мыңнан аса экспонаттың ішіндегі ең таңдаулылары жұрт назарына ұсынылды. Олардың қатарында Жетісудің дүлділі киген киімдер мен қолданған музыкалық аспаптары және түрлі қолжазбалар бар.

«Өзінің өмірлік серігі – домбыра жайлы Өтеген батыр жырында «Сыя сауыт, қаламсыз, ой қозғаған домбыра, дәптер, кітап, қағазсыз сөз қозғаған домбыра», деп жырлаған. Қаламым да, кітабым да, дәптерім де домбырам деп, сондықтан ол кісінің екі домбырсын көрмеге қойдық. Жамбыл атаның бізге 3 домбырасы жеткен. Екі домбырасы өзінің музейінде, бір домбырасы Алматыдағы Ы. Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар музейінде тұр», – деді ақын немересі, Ж. Жабаев әдеби-мемориалды музейінің директоры Салтанат Жамбылова.

Іс-шара кейін әдеби-сазды кешке жалғасты. Рухани-мәдени жиында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Жамбыл Жабаевтың туындыларын орындады. Ұлы ақынға лайықты деңгейде құрмет көрсетіліп, іс-шара ұлттық өнер мен дәстүр сабақтастығын көрсететін мазмұнды кеңістікке айналды.

«Жамбыл бүкіл исі қазаққа мәшһүр – адам, бір ғасыр жасап екі ғасырдың жырын жырлаған Жамбылдай көкірегі даңғыл адам қазіргі кезде некен саяқ. Оның шәкірттері де, Әлімқұл Әсімқан сияқты аталарымыз тастап кеткен мұралар қаншама. Соның бәрін халыққа дәріптеу 180 жылдықтың аясында әлі жалғасын таба береді», – деді  дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев.

Оқи отырыңыз: Талап күшейтіледі: елімізде автокөлік жуу бекеттері суды үнемдеуі тиіс

Новости партнеров