Жасанды интеллект: биыл 4 миллионнан астам оқушы білім алады

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, нейрожелі туралы тақырыптар цифрлық сауаттылық пен информатика пәндеріне қосылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде балабақшаны қаржыландыру жүйесі өзгереді. Жыл соңына дейін барлық бөбекжайлар толығымен ваучерлік әдістемеге өтеді. Бұл туралы Үкіметте есеп берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөзінше, биыл пилоттық жоба іске қосылып, 20 қала мен 7 ауданға 461 мың ваучер берілген. Нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезек 93 мыңға қысқарып, жергілікті бюджеттен 7,7 миллиард теңге үнемделген екен. Аршат Әділжанқызы жалғастырсын. +++++++++

Еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев қыркүйектен бастап елдегі 8 мыңнан аса мектептің 4 миллионнан астам оқушысына жасанды интеллектіні оқытпақ. Бұл жаңашылдық биыл 1-сыныпқа барайын деп отырған 341 мың бүлдіршінге де қатысы. Бейсембаевтың айтуынша, нейрожелі туралы тақырыптар цифрлық сауаттылық пен информатика пәндеріне қосылған. Министр айтқан жаңалық колледж студенттеріне де қатысты болмақ.

«Жаңа оқу жылында мектептермен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде де оқу процесінде жасанды интеллект технологиясын енгізу басталады. Биыл колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 150 мың студентті қабылдау жоспарлануда. Бұл жұмысшы мамандықты таңдаған мектеп түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100% тегін оқытумен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық салада кадрлар даярлауға бағытталатын болады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

1 қыркүйекте ел бойынша 83 жаңа мектеп ашылады. Министрдің есебінше, білім ордалары 115 мың оқушыға арналған. Жыл соңына дейін тағы 111 мектептің құрылысы аяқталады. Ал тоз-тозы шыққан оқу ошақтарын қайта жөндеу жұмыстары кей облыстарда баяулаған. Алматы, Атырау және Абай облыстарында құрылыс созбаққа салынған көрінеді. Одан бөлек, Ғани Бейсембаев кей өңірлерде модернизациялау жоспары толық орындалмай қала ма деп алаңдап отыр.

«2025 жылы 69 мыңнан астам оқушы білім алатын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспар 733 мектепте немесе 73,3 пайызға орындалды. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында модернизациялау жоспарының толық орындалмай қалу тәуекелдері бар», – деді Ғани Бейсембаев.

Тағы бір жаңашылдық Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1 қыркүйектен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандартын енгізіп, ас құрамынан қантты 3,6 есеге, тұзды 5 есеге дейін азайтпақ. Оқушыларға көкөністер, жемістер мен сүт өнімдері көбірек ұсынылады.

«Стандарт шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды. Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалынды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаров.

Министр Саясат Нұрбек ел бойынша жатақханалардағы 82 мың орын тапшылығын 10 мыңға дейін қысқартса да, Алматыда мәселенің шешілмей келе жатқанын да жасырмайды. Десе де, биыл ел бойынша 10 мың 439 студентке арналған 29 жатақхана пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Саясат Нұрбек Астана мен Алматы қалаларына студенттер көп келетінін ескеріп, арнайы ахуал, дағдарыс орталықтарын ашқан.

«55 орындық жатақхана резервте тұр. Айталық студент келіп орын таба алмаған жағдайда арнайы дағдарыс орталығына жібереміз. Жатақханаға орналасу үшін берілетін өтініштің форматы оңтайландырылды. Өткен жылдан бастап студенттерге жатақхана беру қызметі автоматтандырылған проактивті форматқа көшірілді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бүгін Үкімет басшысы Цифрлық даму, Ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің де баяндамасын тыңдады. Цифрлық даму министрі елдегі 8 042 мектептің 7 917-сі интернетке қосылғанын жеткізсе, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Қазақстандағы оқу орындарының 82 пайызы ғана жедел басқару орталығына қосылғанын айтты. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған Олжас Бектенов жауаптыларға мектептердегі жөндеу жұмыстарын жеделдетуді, қауіпсіздікті күшейтуді және 500 мың балаға материалдық және әлеуметтік көмек беруді тапсырды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Биыл 340 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады

Новости партнеров