Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2500 мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылады
Жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2500 мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылады. Полицейлер тұрғындардың тыныштығы үшін түрлі құқықбұзушылықтың алдын алып, күшейтілген режимде жұмыс істемек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарапайым азаматтар үшін мерекелер демалып, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік бергенімен, Қанат Байбураев үшін жаңа жыл – жұмыстың қызатын күні. 15 жылдан астам тәртіп сақшысы ретінде қызмет атқарып келе жатқан полиция капитаны мереке қарсаңында әріптестерімен бірге мегаполистегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты.
"Күндіз-түні жұмыс істейміз. Бізде үшінші ауысым бар, бірінші ауысым бар. Әр мейрамда елдер бала-шағасымен демалса, біз жұмыста жүреміз. Таңертеңсағат 5:30-да үйден кеткен кезде, қызым ұйықтап жатады. Кешке келгенде де, қызым ұйықтап қалады. Бейнеқоңыраумен сөйлесеміз. «Папа, Алматы қашан келесің?» дейді маған. Бәрі күледі", – деді Арнайы батальонның аға инспекторы, полиция капитаны Қанат Байбураев.
Қанат Байбураевтың айтуынша, жаңа жыл қарсаңында қызмет ету полицейлерден кәсіби біліктілікті ғана емес, стресстік жағдайға дайын болуды және кез келген қоңырауға жедел жауап беруді талап етеді. Бірақ мереке күндері түрлі қызыққа куә болатынын да жасырмады.
"Жаңа жылда көп қызық болады. Бірнеше жыл бұрын күдікті машина тоқтатылды. Ішінде Аяз ата мас екен. Көлігі айып тұрағына қойып, құжат толтырғанбыз", – деді Қанат Байбураев.
Мереке жақындаған тұста тәртіп сақшыларының жұмысы қарбаласқа толы. Келеңсіз оқиғалардың алын алу үшін патрульдер күшейтіліп, жоспар құрастырып, қызметтік көліктерді дайындайды.
"Мереке кезінде 2500 мыңнан астам алматылық тәртіп сақшысы тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Патрульдік полицейлердің саны ұлғайтылып, азаматтар көп жиналатын жерлерде қызмет ететін учаскелік және ювеналды полиция инспекторларының саны артады", – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Түрлі қиындықтарға қарамастан, жаңа жыл – қызмет полиция қызметкерлері үшін маңызды әрі нағыз сыналатын кезең. Олардың жұмысы – тек қызметтік міндеттерін атқару емес, мереке күндерінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Сондықтан да тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жансая Олжабек, Аида Иманәлі, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматыда 18 жаңа білім беру нысаны салынды