Бас прокурор қылмыстың күрт өскенін атап өтті
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов кеңес өткізіп, елдегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында Бас прокурор еліміздің бірнеше өңірінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің өскенін атап өтті.
«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша кеңес өткіздім. Актөбе, Атырау, Павлодар және басқа да өңірлерде жасөспірімдер қылмысы көбейіп отыр. Профилактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырдым. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке ерекше назар аудардым. Қауіпті учаскелерді бейнекамералармен және жарықпен жабдықтап, патрульдеуді күшейту қажет. Азаматтар өздерін қорғалған сезінуі тиіс – сөз жүзінде емес, іс жүзінде», - деді Берік Асылов.
Сондай-ақ оның айтуынша жол-көлік оқиғаларының саны да азаймай тұр.
«Жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі алаңдатады: бір жылда +67%, жарақат алғандар +79%. Атырау, Қостанай, Актөбе, Жетісу облыстарында жағдай күрделі. Апаттардың 72%-ы трассаларда. Жүргізушілердің еңбек тәртібін бақылау, бала тасымалдау ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды Халықаралық сарапшылардың қатысуымен Талғар мен Рудный қалаларында қауіпсіздік мәселелерін талдайтын пилоттық жоба іске қосылады. Өңірлердің криминологиялық паспорттарын әзірлеу, уәкілетті органдармен бірлесіп мектептерде заң мәдениетін ілгерілету тапсырылды», - деді ол.
Оқи отырыңыз: Гидросебу: Алматыда көктемгі көгалдандыру жұмысы басталды