Заңсыз бизнес ұйымдастырған 14 адам қолға түсті
Астанада қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, елорданың сол жағалауындағы «Лазурный квартал», «Дипломат» және «Мисон» тұрғын үй кешендерінде заңсыз бизнес ұйымдастырған 14 адам қолға түсті. Олардың барлығы басқа өңірлерден келген. Полиция тұрғындардың шағымынан кейін тексеріс жүргізген. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Ішкі істер министрлігі Астанада қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті жүйелі түрде қамтамасыз етуді жалғастыруда. Превентивтік негізде қылмыстық көріністерді анықтау және бейтараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Жедел ақпарат пен елорда тұрғындарының шағымдарын тексеру барысында «Лазурный квартал», «Дипломат» және «Мисон» тұрғын үй кешендерінде қыздарды жыныстық қанаумен байланысты заңсыз бизнес ұйымдастырған топ ұсталған», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ арнайы тексеріс барысында полиция бірнеше бопсалау дерегін әшкереледі. Тәртіп сақшылары құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, қорқытып ақша алған қала тұрғынын ұстады. Одан жалған куәлік табылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы бопсалау сызбасын ұйымдастырған бұрын сотталған әйел қолға түсті. Ол ер адамдарды танысу мен кездесу сылтауымен арбай отырып, кейін «зорлау туралы жалған арыз жазамын» деп қорқытып келген. Қазір бұл істер бойынша тергеу жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Шымкенттіктер кәріз суын ауладағы септикке шығаруға мәжбүр