Базар әкімшілігі сауда жасап жүрген азаматтардан орнын босатуды талап еткен
Алматының Көкбазарындағы саудагерлер бас көтерді. Кәсіпкерлер «басшылық ауысып, зәбір көріп жатырмыз» деп жыларман болып жүр. Олардың айтуынша, жаңа директор талай жылдан бері сауда жасап, нәпақасын тауып жүрген азаматтардан орындарын босатуды талап еткен. Ал базар әкімшілігі кәсіпкерлердің келісімшартты өздері бұзғанын айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматылық Жанар Райымқұлова бір ай бұрын базар басшылығынан "орныңды босат" деген хабарлама алған. Ал ертесінде келісімшарт еш себепсіз бұзылып, жалға алған сауда нүктемді мекеме өкілдері тартып алды дейді. Оның айтуынша, сол күннен бері шырылдап, шағым айтып бармаған жері қалмапты.
«7 қыркүйекте “заңсыз орында тұрсың” деп менің 5 орнымды алып тастады. Бірақ ол орынға мен заңды түрде «Халық банк» арқылы телефонмен жалға алу ақысын төлеп келгенмін, тіпті келісімшарт та болған. Кейін әкімдіктен үлкен кісілер келіп, “орныңды босат” деді де, мен тұрған жерді тартып алып, басқа адамдарға берді. Сонда мені кім қорғайды? Көпбалалы анамын, Қазақстан азаматымын, ай сайын заңды түрде салығымды төлеймін», - дейді саудагер Жанар Райымқұлова.
Көкбазарда Жанардан бөлек, орнымнан айырылдым деген тағы 30-ға жуық кәсіпкер бар. Оларға басшылық дүңгіршектер мен орындардың заңсыз тұрғанын айтқан. Бірақ талай жылдан бері сауда жасап, күн көріп жүргендер бұл сөзбен келіспейді. Себебі, олар бұл орындарға қыруар ақша төлеп отырмыз дейді.
«Бізден жұмыс істеп отырған жерімізді тартып алып, “заң бұздыңдар” деп өз аттарына рәсімдеп алды. Соның салдарынан біз жұмыссыз қалдық. Олар үш түрлі жолмен ақша жинайды: қолма-қол, «қара» касса және келісімшарт. Бірақ келісімшартты тек 11 айға ғана береді, ал 12-айдың ақшасын өз қалталарына салады. “Сендер заң бұздыңдар, өртке қарсы жолда тұрсыңдар” дейді. Ал егер ол рас болса, неге өртке қарсы жолға келісімшарт беріп, заңсыз ақша жинайды?» - дейді саудагер Раушан Орынбай.
«Біз өткен жылы базар басшылығымен 1 жылға келісімшартқа отырдық. Және әр 11 ай сайын келісімшартты ұзартып отыруға келістік. Бірақ басшылық кейіннен құжатты ұзартудан бас тартты. Соңында менің салған қыруар қаржым далаға кетті. Біз ай сайын жалға алу құнын уақытылы төледік, бәрін орындадық. Бірақ еш себепсіз орнымыздан кеттік. Бұл - ойына келгенін жасау ғой», - дейді саудагер Мақсат Қалиев.
Ал базар әкімшілігі кәсіпкерлердің келісімшартты өздері бұзғанын айтады. Яғни, саудагерлер жалға алған орындарын үшінші адамға қайта жалға берумен айналысқан. Ал бұған шарт бойынша тыйым салынған екен.
«Біз ешкімнен еш ескертусіз барып, орындарын тартып алмадық. Ресми хат жібердік, ескерттік. Тіпті, себебін түсіндірдік. Саудагерлердің келісімшартты өрескел бұзғанын анықтадық. Олар жалға алған орындарын үшінші адамға қайта жалға берген. Ал бұған рұқсат жоқ. Сондай-ақ рұқсат етілмеген орындарға да тұрып алған сатушылар бар. Бізде бәрі заң жүзінде істелген», - деді Көкбазардың ресми өкілі Нұрлан Қадырбаев.
Саудагерлер аталған мәселе басшы ауысқан сайын көтеріледі деп отыр. Ал базар әкімшілігі ешқандай ауыз-түйіс болмағанын алға тартты. Олардың айтуынша, кәсіпкерлердің сауда орнын үшінші адамға жалға беруі бағаның өсуіне әсер етіп, халықтың қалтасын қағады.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық деңгейдегі студенттік жатақхана ашылды