Жол ережесін елемейтіндерге ерекше әдіс: Алматы көшелеріне жасырын патрульдер жұмыс істейді

Соңғы екі апта ішінде 500 жүргізуші жауапкершілікке тартылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық полицейлер жол ережесін елемейтіндерді ерекше әдіспен анықтауға кірісті. Қала көшелеріне жасырын патрульдер жұмылдырылды. Яғни, тәртіп сақшылары қарапайым киіммен, арнайы белгісі жоқ көліктер арқылы жол қозғалысын бақылауға көшкен.

Алып шаһар Алматыда бүгінде 700 мыңға жуық автокөлік ресми тіркелген. Оған қоса, күн сайын облыс аумағынан ағылатын 400 мыңнан астам темір тұлпарды есептегенде, мегаполис көшелерінде тәулігіне 1 миллион 100 мыңнан аса көлік тынымсыз қатынайды. Осыған байланысты қала тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесін елемейтін жүргізушілерді анықтаудың тың тәсіліне көшкен. Енді олар қарапайым киім киіп, арнайы белгісі жоқ автокөліктермен жол үстіндегі тәртіпті бақылайды.

Енді мегаполис көшелерінде қарсы бағытқа шығып, өзге көліктерді қысып, бағдаршамның қызылына қарамай өтіп, қос жолақты қиып, апатты жағдай туындататын жүргізушілер жазадан сытылып кете алмайды. Себебі көлік ағынының арасында көзге түспей жүретін жасырын патруль заңбұзушылықты бірден тіркеп, жақын маңдағы полиция экипаждарына жедел хабарлайды. Нәтижесінде жол ережесін елемеген жүргізуші тоқтатылып, заң шеңберінде тиісті жауапкершілікке тартылады.

«Жүргізушілер көбінесе ұялы телефонды көп пайдаланады. Апаттық жағдайлар тудырады. Қауіпсіздік белбеуін тақпайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол ережелерін бұзған жүргізушілерді хабарлап, патрульдер тоқтатып, жауапкершілікке тартып жатыр», деді  Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Мұратбек Нүрпейіс.

Қалалық Полиция департаментінің дерегінше, жаңа тәсіл алғашқы нәтижесін көрсете бастаған. Мәселен, соңғы екі апта ішінде Алматы көшелерінде жол ережесін бұзған 500 жүргізуші тіркелген. Сондай-ақ тәулігіне кемінде тәртіпке бағынбайтын 50 жүргізуші ұсталып, жауапкершілікке тартылады екен.

«Алматы қаласының полициясы жасырын патрульдеу форматын енгізген болатын «Стоп құқықбұзушылық» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында. Бұл патрульдеу форматы өз тиімділігін көрсетті. Бір тәуліктің кем дегенде 50 құқықбұзушылыққа жол берілмеді. Мақсат -  азаматтардың жол жүру тәртібін және мәдениеттілігін арттыру», - деді  Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты шамамен 850 мыңға жуық дерек тіркеліп, дер кезінде жолы кесілген. Оның ішінде 700-ден астам жүргізуші көлік құралын мас күйде басқарыпты. Енді жасырын патрульдеу тәсілі арқылы мұндай құқықбұзушылықтардың саны азаяды деп күтілуде.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Кәмпит ішіндегі тосынсый: СҚО-да есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді

Новости партнеров