Алматыға бір тәулік ішінде 12 сантиметр, ал таулы аймақтарда 15 сантиметр қар жауды. Қазірге дейін қала көшелерінен 2500 текше метр ақ ұлпа жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарды уақытылы тазалауға 850-ге жуық арнайы техника мен 2600-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Сондай-ақ, көктайғаққа қарсы құм да себілді. Әсіресе, мамандар жүргіншілер жолын тазартуға басты ден қоюда. Ал синоптиктердің болжамына сүйенген Жасыл экономика басқармасы бұл ақпан айындағы соңғы жауған қар деген болжам айтты.
«Бізге наурыз айында ауа райы қалыпты нормадан жылы болғанымен, жауын-шашын көп болады деген ақпарат берді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Алматыда 3 рет қар жауады деп күтілуде. Алғашқы 10 күндікте ауа температурасы 3 градусқа дейін көтеріледі. Осы кезде ақ ұлпа жауады. Ал ай соңында күн 15 градусқа дейін жылиды», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр СЕРГЕЕВ.