Су тасқыны: Ақтөбе облысындағы тағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ойыл өзені арнасынан асып, Қаратал ауылындағы 11 үйді су басты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысының тағы бір ауылында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ойыл өзені арнасынан асып, Қаратал ауылындағы 11 үйді су басты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Табиғаттың тосын сыйы толастамай тұр. Бұл жолы өңірдегі Ойыл өзені ернеуінен асып, сол маңдағы ауыл ішін шайып кетті. Өзенге жақын орналасқан 11 баспана су астында қалды. Төтеншеліктер күшейтілген режимге көшіп, бірқатар техниканың күшін жұмылдырды. Мамандар қауіп сейілді деп отыр. Ал Мәртөк ауданының аумағында Елек өзені деңгейінен көтерілді.

«Қарғалы ауданындағы Қосестек өзенінің көтерілуі байқалады. Өйткені солтүстік аумақта орналасқан Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би ауданында әлі күнге дейін ерімеген қалың мұз бар», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

Қарғын судан зардап шеккен қобдалықтардың жағдайы қазір біраз қалыпқа келген. Ауданның 6 ауылында көлік жолы реттеліп, көгілдір отын мен жарық қосылды. Орталықтағы су басқан 80-дей үйдің 24-і тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Оның үстіне, спорт кешені мен мектеп гимназиясының да тасқын судан кейін қабырғалары жарылып, іргетасы ыдырап тұр.

«Қазір 24 үй салу бойынша өтініш түсті. Үй құрылысын бастаймыз. Мамандар үйлердің жағдайын толыққанды зерттеп болған жоқ. 13 үй судың астында тұр. Осы жердің кәсіпкерлері де қолдап жатыр. Үйлерді толық зерттеп болған соң, тағы 3-4 кәсіпкер үй салып береміз деп ниетін білдіріп отыр», – деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин.

Табиғи апаттың салдарынан үйсіз қалған отбасына билік 2 ай ішінде жаңа баспана салып береміз деп уәде етті. Бұл үшін қазынадан жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Жобалық-сметалық құжаттар әзір, үй құрылысымен жергілікті 5 компания айналысады. 1 маусымға дейін жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Қобдалықтарға қолдау көрсету үшін арнайы келген танымал спортшы, қазақстандық аралас жекпе-жек файтері Шавкат Рахмонов та өз атынан бір үй салып беретінін айтты.

«Біз қолдаймыз, қолдан келген көмектің бәрін береміз», – деді спортшы Шавкат Рахмонов.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы 3 күнде облыстың 7 ауданында күннің күрт жылынуы күтілуде. «Қамдана білген қапы қалмайды» демекші, мұнда сақтық шаралары жалғасып жатыр.  

Райгүл Еншібай , Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы

Новости партнеров