Қолайсыз ауа райы: Ақтөбе облысында төтенше жағдай жарияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Түркістан облысында жоғалған малын іздеген ер адам көз жұмған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Өңірдегі Хромтау мен Әйтеке би аудандарында желдің қатты соққанынан жүргіншілердің жүріп-тұруы қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның солтүстігі мен орталық және батыс аймақтарында ауа райы күрт нашарлап кетті. Сондықтан республикалық маңызы бар жолдардың 53 учаскесінде және облыстық маңыздағы 85 учаскеде көліктің барлық түрі үшін жүруге тыйым салынды. Төтеншеліктер жолда қалған 470 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілгенін айтты. Түркістан облысында жоғалған малын іздеген ер адам көз жұмған.

– Түркістан облысында 7 ақпанда ауа райының қолайсыздығына байланысты мал іздеп шығып, адасып кеткен адамды іздеу жұмыстары жүргізілді. Ер адамның бірі тірі, екіншісінің мәйіті табылды, – деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Астана мен Павлодар облысын жалғап жатқан жолда жолаушысы бар автобус апатқа ұшырады. Әлеуметтік желіге тараған видеодан адамдардың қалай құтқарылып жатқанын көруге болады. Желі қолданушылары, жолаушыларды өзге такси жүргізушілері тегін алып кетіп жатқанын жазды.

– Еліміздің солтүстігінде желдің екпіні 23-28, кей уақыттарда 30 метр секундқа дейін күшейеді. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Солтүстік аймақтарда қатты қар, бұрқасын болуы мүмкін. Еліміздің батысы мен солтүстік батысында 10 ақпанда ауа температурасы түнде 12-20 аязға дейін төмендейді, – деді «Қазгидромет» РМК I санатты инженері Афродита Пірімжар.

Астанада боран түнде басталған еді. Елордадағы екінші ауысымда оқитын оқушылар бүгін қашықтан білім алуға көшті.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: СҚО-да елдімекендерді су басып қалуы мүмкін

Новости партнеров