|
21.01.2020 | 14:57
4813

Алдағы үш тәулікте Алматы қаласы облысында қар жауып, қатты боран соғуы ықтимал

Полиция тіпті кейбір жолдарды жабуға мәжбүр

Алдағы үш тәулікте Алматы қаласы облысында қар жауып, қатты боран соғуы ықтимал фото из открытых источников

Өткен аптадан бері қыс қаһарына міне бастады. Жылдағымен салыстырғанда кейбір аймақтарда қардың қалың жауып, аяздың күшеюіне байланысты оқыс оқиғалар жиілеп кеткен. Полиция тіпті кейбір жолдарды жабуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәкен Кідіков өткен демалыс күндері шұғыл шаруаларымен Кеген ауданына барады. Жолда табиғат тосын мінезін көрсетіп, қарлатқан боран көліктің жүруіне қиындық тудырыпты. Аудан орталығына 20 шақырымдай қалғанда жүйткіп келе жатқан темір тұлпары кенеттен  шыр көбелек айналып жардан ұшып кете жаздаған.

«Ақсай деген ауылда көктайғақ екен. Ала шұбар қар. Кей жерлері мұз. Тұз ешнәрсе себілмеген. Жолдың ортасынан шұңқыр кезігіп қалды. Содан қашамын деп машинам айналып кетті. Оңға тартамын, солға тартамын болмады. Ары қарай құз екен. Амал жоқ тормоз беруге тура келді. барып ілініп қалдық», - деді Кәкен КІДІКОВ.

Мына кадрлардан көліктің қияда тұрып қалғанын байқауға болады. Абырой болғанда артқы дөңгелегі тасқа тіреліп, ішіндегі төрт жолаушы дін-аман қалған.

«Өзімнің есім шығып кетті. Не болғанын білмей қалдым. Бәрі аман. Машинаны тастап өрмелеп шықтық. Ана жерде ешқандай техника жоқ. Күн тұман. Жел борап ұрып тұр. Не өтіп жатқан машина жоқ. Әйтеуір зорға дегенде бір машина кезігіп соған әйел бала-шағамды салып жіберіп. Өзім артынан 1-2 сағат дегенде бір машина келді. Арғы ауылға жеттім», - деді Кәкен КІДІКОВ.

Өткен аптада еліміздің бірнеше республикалық маңызы бар тас жолдар жабылды. Шығыс Қазақстан облысында түсірілген мына видеода жауған қардың қалыңдығы сонша,  адамның кеуде тұсынан келеді. Оңтүстік өңірлерде мұндай биік омбылар болмасада, қауіпті жерлер жетерлік. Сол себептен төтеншеліктер Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына алыс жолға шықпауға кеңес береді.

«Жол бойында жүрген көлік жүргізушілерінен ауа-райының қолайсыз кездерінде сақ болуды талап етеміз. Батыс Еуропа - Батыс Қытай күре жолында көбінесе беті тез мұз қатып қолайсыз жағдай кезінде. Күндіз жібіп тұрғанымен, кешке тез мүз қатады. Ол жүргізушілердің алдануына да себепші болады. Сондықтан сондай кезде сақ болуын қалаймыз», - дейді апаттар медицинасы орталығы қалалық филиалының жетекшісі Мерей АМАНОВ.

Ал «Қазгидромет» мамандары қыстың осы аптасында ауа-райы тұрақсыз болады дейді. Қызылорда облысынан жылжып келе жатқан циклонның әсерінен тағы да қар жауып, қатты тұман түсуі мүмкін.

«Алдағы үш тәулікте Алматы қаласы мен Алматы облысында ауа-райы құбылмалы болады. Қалың қар жаумаса да, арасы жиі болады. Қызылорда облысынан жылжып келе жатқан циклонның әсерінен қар жауып, қатты боран соғуы ықтимал. Ауаның ылғалды болуынан қалың тұман көтеріліп, жүргізушілердің көру мүмкіндігі 100 метр қашықтыққа дейін өзгеруі мүмкін», - деді «Қазгидромет» қалалық филиалының бөлім басшысы Светлана АМАНҚҰЛОВА.

Қажеттіліктен алыс сапарға шығып жатсаңыз өзіңізбен бірге жылынуға қажетті заттар алып жүргеніңіз абзал. Егер көлігіңізден ақау табылып немесе қар құрсауында қалып қоятындай жағдай туындаса онда міндетті түрде 112 телефонына хабарласып көмек шақыруыңызға болады. Сәлеметсіздер ма? Құтқару қызметі ма?

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир