Коронавирустың тез таралуына байланысты Қазақстан мен Қытай халық республикасы арасындағы барлық шекара жабылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Қазақстан ардагерлері Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл мәлімдеді. Бүгінде аты жаман вирусты жұқтырғандар әлемнің бірнеше елдерінен табылды. Ал, көз жұмғандардың саны ресми дереккөздерінің мәліметінше, 80-ге жеткен. Абырой болғанда Қазақстанда короновирусқа шалдыққан адам жоқ. Билік әлеуметтік желі арқылы тараған жалған хабарламаға дүрлікпеуге шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студент Гүлбақыт Болатбекқызының Ухань қаласынан жолдаған видеосы. Оның сөзінше, онда барлығы тұрақты. Қалада карантин жарияланғанымен штаттық режимде жұмыс істеп жатқындығын айтады. Ондағы тұрғындарға соның ішінде студенттерге тегін маска және дезинфекциялық заттар таратылды дейді.
«Бізде барлығы бар. Азық-түлік жеткілікті мөлшерде. Дүкендерде ешқандай кезек немесе дүрлігу байқалмайды. Сондықтан, құрметті қазақстандықтар, сабыр сақтаңыздар және жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз. Себебі, дәл қазір сіздердің қолдауларыңыз қажет», - деді қытайлық студент Гүлбақыт БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.
Осы тұста кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ел аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді. Оның нәтижесі бойынша Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды
«Қазіргі таңда көршілес Қытай республикасының Ухань қаласында тағы да бірқатар қалаларында адам өміріне қауіпті пневмания қоздыратын корнавирус таралып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы вирустың таралуына жол бермеу мақсатында шұғыл шараларды ұйымдастыру туралы нақты тапсырма берді. Бұл сұрақ Үкіметтің ерекше бақылауында. Осы ретте тиісті шаралар ұйымдастырылды», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Ал, Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өзінің Facebook парақшасында ҚХР-мен арадағы барлық шекара бекеттері жабылғандығын хабарлады. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, республикада жаңа коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Жағдай ведомствоның бақылауында. Коронавирустың негізгі белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас дейді сала мамандары.
«Дене қызуы көтерілу бірінші. Одан кейін тұмау белгілері. Ол – жөтел, мұрын бітелу. Осындай жағдайларда дереу дәрігерлерге қаралу керек», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы Саят ҚАУМЕТБАЕВ.
Жұқтыру жағдайлары Қытайдан тыс жерлерде, атап айтқанда Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия мен Канадада тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирус кез-келген ортаға бейімделе алады дейді. Сондықтан, осындай адам көп шоғырланған жерде маска киіп жүруге кеңес береді. Сонымен қатар, қолды жиі сабындап жуып және құрамында спирттік заты бар антисептиктермен сүртіп тұру керектігін алға тартады. Ал әлеуметтік желілерде тараған «Қазақстанда осы ауруды жұқтырған адам бар"» деген хабарламаға назар аудармауға кеңес береді. Себебі, Қазақстанда мұндай ауруға шалдыққан адам тіркелмеген.
Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы