Нұрлан Қылышбаевтың Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Кеше Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да өкілеттілігін тоқтатқан болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Сенаттың депутаттық құрамынан Нұрлан Қылышбаев кетті. Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, депутат басқа жұмысқа ауысуына байланысты өкілеттігін тоқтату туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрлан Наурызұлы Алматы облысынан сайланып, бес жылдан астам депутат болып еңбек етіпті. Сенат төрағасы оның осы кезеңде заң шығару жұмысына, өңірлердің мәселелерін шешуге белсене қатысып, палата қызметіне өз үлесін қосқанын атап өтті.

Естеріңізге салайық, күні кеше Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да өкілеттілігін тоқтатқан болатын.

«Сіздермен бірге Заң жобаларын қарастырып, Мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындап, аймақтан сайлаушылардың оң пікірлерін тыңдадық, сол мәселелердің шешілуіне жол тапқаныма қуаныштымын. Сіздермен жұмыс істеу – мен үшін үлкен мектеп болды», – деді ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Бұдан бөлек, Сенат осы жыл атқарған жұмысын қорытындылады. Биыл Парламент 104 заң қабылдаған. Қабылданған заңдар еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын көздейді деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

«Жыл өткен сайын бұл жұмыстың саны да, сапасы да артып келеді. Биыл қабылданған әр төртінші заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Олардың қатарында еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға, азаматтық процесті жеңілдетуге, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге, жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоюға және басқа да мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды заңдар бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.



Новости партнеров