Көпбалалы отбасыларға алғашқы пәтерлер 1 мамырдан бастап беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, биыл 188 мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтылмақ. Ол үшін 13 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Мемлекет басшысының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру аясында 5 жылда жыл сайын 6 мың отбасыны тұрғын үймен қамту көзделген. Сондықтан тұрғын үй құрылысындағы жұмыс қарқынын арттырып, ондағы отандық өнім үлесін де жоғарылату қажет деді премьер-министр.
«Бірінші мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Елбасының әлеуметтік тапсырмасына сәйкес мұқтаж отбасыларына тұрғын үй несиелерін «Тұрғын үй жинақ банкі» жүйесі арқылы екі жылдың ішінде 22,5 мың отбасы жеңілдетілген түрде алады», – деді ҚР премьер-министрі Асқар МАМИН.
Жеңілдетілген пайызбен несие бірінші кезекте мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған және толық емес, көпбалалы отбасыларға берілмек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайызбен кредит беру жүйесі енгізілетін болады.
«Аталған механизмді іске асыру үшін үш жылдың ішінде жыл сайын 50 миллиард теңгеден бөлініп отырады. Мұқтаж отбасыларға баспананы 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жылдық ставкасы 2 пайыздық жеңілдетілген несие беру жүйесін енгізу ұсынылмақ. Бұл отбасылар су жаңа тұрғын үймен қатар қайталама баспанаға да тапсырыс бере алады. Яғни қолы жеткен, жағдайы келетін үйге қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Қазір банкпен бірге түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.