|
30.07.2019 | 16:09
14798

Шымкентке жаңа әкім тағайындалды

Ерлан Айтаханов бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі болған

Шымкентке жаңа әкім тағайындалды

Шымкент қаласының әкімі қызметіне Ерлан Айтаханов тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

Бұл қызметте ол Ғабидолла Әбдірахымовты алмастырды. Бұған дейін Ерлан Айтаханов Түркістан облысы Отырар ауданы әкімінің қызметін атқарған.

Ерлан Айтаханов 1971 жылы 10 желтоқсанда бұрынғы Шымкент облысы Алғабас ауданында туған.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы «Alem Bank Kazakstan» кредит беру департаментінің экономисі болып бастаған. 1995-2012 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің кредит беру департаментінің бас маманы, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бөлімінің бастығы, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» еншілес мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасының бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің бастығы болып жұмыс істеген. Одан кейін Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі қаржылық реттеу департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының кеңесшісі, Алматы қаласы тарифтер жөніндегі басқармасының бастығы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі Ақмола облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.

2014 жылғы қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.  2016 жылдан бастап осы күнге дейін Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі қызметін атқарып келді.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир