|
24.04.2019 | 17:31
4009

Қазақстанда ұсталған қырғыз депутаты 10 жылға сотталды

Оған экономикалық контрабанда жасады деген айып тағылған болатын

Қазақстанда ұсталған қырғыз депутаты 10 жылға сотталды Фото Sputnik Казахстан

Алматыда сотталып жатқан қырғыз депутатының соты үлкен даумен аяқталды. Бүгін Дамирбек Асылбекұлы бастаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал сотталушылардың туыстары кесілген жазаға келіспей, сот залында айқайға басып, тіпті сотталушылар да бір-бірімен төбелесіп қалды.

Былтыр қараша айында басталып, жарты жылға созылған қылмыстық істің нүктесі бүгін қойылды. Судья залға кірген бойда бірден үкімді оқып, тағайындалған жазаны жария етті. Қордайлық кәсіпкері Есбол Джапбасовтың 14 жылға бас бостандығынан айрылатыны туралы үкім кесілгені сол еді, жиналғандар ұлардай шулап, судьяның сөзін аяғына дейін тыңдамай қойды.

Жалпы, бүгінгі процеске жиналған адамда есеп жоқ. Өйткені сотталушылардың өздері де 12 адам. Үкім оқылған соң жиналған айыптылардың туыстары судьяны қарғап-сілесе, «балаларымыз бостандыққа шығады» деген үмітпен келген ақ жаулықты аналар көз жастарын тыя алмады. «Мен әділетті шешім шығады, бүгін баламды осы жерден босатып әкетемін деп келіп едім. Оның ешқандай кінәсі жоқ» деп егілді аналардың бірі.

Ал жиналғандар оны іліп әкетіп: «Жас балаларды түрмеге қамау деген не сұмдық?! Қордайда Есбол көмектеспеген адам жоқ. Есбол – адал жігіт. Мұны іші күйген иттер істеп отыр» деп айғайлады.

Залда тыныштық орнамаған соң, туыстар түгел сыртқа шығарылып, тек сотталушылардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары ғана қалдырылды. Аздаған үзілістен соң судья үкімді қайта жалғастырып оқуға кірісті. Қылмыстық топты құрып, оған басшылық еткен қырғыздың экс-депутаты мен қордайлық кәсіпкерге барынша қатаң жаза тағайындалды.

«Асылбекұлы мен Джапбасовтың қылмысы толық дәлелденді. Олар Трансұлттық қылмыстық топ құрып, сол ұйымға басшылық етті және экономикалық контрабандамен айналысты. Дамирбек Асылбекұлы 10 жылға бас бостандығынан айрылсын, жазасын өтеу мерзімі аяқталған соң оған 5 жылға дейін Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынады. Ал, Есбол Джапбасов 14 жылға түрмеге қамалсын. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленсін» – деді Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытхан БӘКІРБАЕВ.

Қылмыстық топ басшыларынан бөлек тағы екі сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал, қалған 8 сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, бостандыққа жіберілді. Олар жазасын шартты түрде өтейді.

Айта кетсек, бұл топ қырғыз шекарасынан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар тасымалдап, контрабандамен айналысқаны үшін істі болған.

Бүгін 6 ай дегенде сот үкімі оқылып, бостандыққа шыққандардың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін залда шу шығарған олардың туыстары да сабаларына түскендей. Ал жазаға кесілген жақындары үкімге қанағаттанбады. Олар енді әділдікті Жоғарғы соттан іздемек.

Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир