Елімізде Орталық коммуникация қызметі жабылып, «Қазконтент» АҚ мен «Қазақпарт» ЖШС қайта құрылмақ. Бұл жайында ҚР Үкіметінің қаулы жобасында айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
«ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің Республикалық мемлекеттік «Орталық коммуникация қызметі» мекемесі жабылсын», делінген құжатта. Өз кезегінде «Қазақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін «Қазақпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі акционерлік қоғамы етіп қайта құру жоспарланып жатыр.
Сондай-ақ «Қазақпарат» агенттігі қосылған соң «Қазконтент» акционерлік қоғамы да қайта құрылады.
Қайта құрылған агенттіктің негізгі қызметі ҚР ақпараттық саясатын жүзеге асыру, соның ішінде интернет желісі арқылы еліміздің саяси, экономикалық және мәдени өміріндегі ақпараттарды жылдам тарату, сонымен қатар әлемдік қауымдастықта ҚР-ның жағымды халықаралық иммиджін қалыптастыру болып табылады.
Аталғандай, қаулы жобасын жариялы түрде талқылау 2019 жылдың 6 мамырына дейін жалғасады.
Орталық коммуникация қызметі 2012 жылы ҚР Президенті жанынан құрылып, 2016 жылы Үкімет қарамағына өткен болатын.