Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жүктеген міндеттерінің орындалу барысын арнайы мониторингілік топ қадағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біздің қоғамдық ұйым биыл жыл басында құрылды. Мақсат – Президент жүктеген тапсырмалардың орындалу барысын қадағалау. Жұмысқа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі мен әдіс-тәсіліне сүйене отырып кірістік. Қоғам тарапынан бақылау жүргізіп, талдау жасау жұмыстың тиімділігін арттырады. Әрине, ол үшін қоғам белсенділік таныту керек. Тағы бір маңызды жайт кез келген қоғамдық мәселені шешу үшін көшеге шығудың немесе айқай-шу шығару міндетті емес. Билік пен халық бір-бірін ести білген жөн. Біздің міндет халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізу және проблеманың шешілуін қадағалау», – деді «Ел намысы» арнайы мониторингілік тобының төрағасы Рафаэль Гасанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған қоғамдық ұйым жұмысына кез келген белсенді азамат өз үлесін қоса алады.
«Біздің бақылауымызға Президент жариялаған ауқымды реформалардан бастап, әлеуметтік мәселелерге дейін кіреді. Олардың қатарына әділ сот шешімі; сайлаудың әділ өтуі; халық өз ойын бейбіт митингілер өткізу арқылы жеткізе білуі — тағы сол сияқты мәселелер кіреді. Құрылған 4 айдың ішінде «Ел намысы» арнайы мониторинг тобына ерікті мүшелердің саны еліміз бойынша 1 мыңнан асты. Бас штабымыз елордада орналасқан. Сонымен қатар облыс, аудан және ауыл деңгейінде өкілдіктеріміз жұмыс істейді. Біз мемлекеттік органдардың жұмысын тексермейміз және баға бермейміз. Біз Үкіметке жүктелген міндеттің уақытылы орындалуын қадағалаймыз, мониторинг жүргіземіз», – дейді ол.
Мониторингілік топ басшысының мәлімдеуінше, қоғамдық ұйымға ақпарат еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түседі.
«Аз уақыт ішінде елімізде шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер зерделенді. Мәселелер түрлі саланы қамтиды. Бүгінде ол бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар берілді», – деді Р. Гасанов.