Алматыда Ұлттық Ұлан сарбаздарының қатысуымен 7 мыңнан астам қылмыстың беті ашылды

Алматыда Ұлттық Ұлан сарбаздарының қатысуымен 7 мыңнан астам қылмыстың беті ашылды
Жиында Отан алдындағы борышын адал атқарған қызмет үздіктері де марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскери - Ұлттық ұланның құрылғанына 28 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық Ұлан жауынгерлері еліміздің аса маңызды деген нысандарын күзетеді. Олардың әрқайсысының мойнында ішкі қауіпсіздік пен еліміздің тұтастығы тұр. Өткен жылы Алматыда Ұлттық Ұлан сарбаздарымен 7000-нан астам қылмыстың беті ашылса, Арыста болған апатта бірінші болып жұмылып, жұдырықтай қызмет еткен де осы әскер болды.   

«Оңтүстікке қарасты 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері бірінші болып Арыс қаласында болған техногендік апаттың салдарын жоюда бірінші ат салысқан әскери қызметшілер болды. Олардың барлық қызметтері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығыменен орден, медальдармен марапатталды»,деді ҚР Ұлттық Ұланның оңтүстік өңірлік қолбасшылық қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай АЛКЕШОВ.

Іс-шара барысында жауынгерлік қызмет атқаруда қырағылығымен көзге түсіп ерекшеленген 70 әскери қызметшісі Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Еліміздің тыныштығын қорғайтын - Ұлттық Ұлан. Ұлттық Ұланның жауынгерлік әзірлігі жоғарғы деңгейде. Сарбаздарға деген көзқарас жақсы. Мен Ұлттық Ұланда Отан алдындағы борышымды өтеп жатқаныма шын жүректен қуаныштымын. Ұлттық Ұланның ардагерлері мен командирлер, офицерлерін, сержанттары мен сарбаздарын шын жүректен құттықтаймын»,- деді 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ақтан ӘМІРТАЕВ.  

Айта кету керек, бүгінгі таңда еліміздің Ұлттық ұланы қатарында 35 мыңнан астам сарбаз қызмет етеді. Оның 10 мыңға жуығы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында. Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров