Бүгін 46 жастағы Вера Белова «Астана» алаңында ереуілге шығып, бүлік шығармақ болған. Мұны көрген маңайдағы полицейлер оның бұл әрекеті заңға қайшы екенін түсіндіріп, сабырға шақырыпты. Алайда ескертуге құлақ аспаған әйел көпшіліктің көзінше тамырын кесіп жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіпті, қасына ертіп шыққан қызының да қолына зақым келтірген. Болған жайдан кейін екеуі ауруханаға жеткізіліп, оларға шұғыл көмек көрсетілді. Белованың қызына амбулаторлық ем тағайындалды. Ал өзін палатаға жатқызған дәрігерлер оның өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын жеткізді.
«Жарақаттары терең емес, жай ғана терісі тілінген. Ішкі бұлшық еттері, қан тамырлары аман. Яғни, келіншектің де, қызының да өміріне қауіп жоқ. Жалпы, жарақат қатты ашудан жасаған оқыс қимыл салдарынан болған», – деді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ермек ЖЕЛДІБАЕВ.
Ақ халаттылар күйзеліске душар болды деп болжаған науқастың жағдайын өз көзімен көруге аудан әкімінің орынбасары келді. Ол Вера Беловамен тілдесіп, шағымын мұқият тыңдады.
«Мен дәл қазір еш жерде жұмыс істемеймін. Өйткені барлығында жалақы төмен. Бұрын бірнеше жерде істеп көрдім, бәрі «көтереміз» деді де, бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Содан соң өз еркіммен кетіп қалдым. Жалпы, өзім құрылысшымын. Егер жалақымды тым құрыса 900 мыңа көтерсе, өз саламда істер едім, өйткені мамандығым ұнайды», – деді әйел.
Билік өкілі Вера Беловаға аудан әкімдігі тарапынан барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.