«Халық үшін жұмыс істеңдер»: Елбасы Үкімет отырысын қорытындылады

«Халық үшін жұмыс істеңдер»: Елбасы Үкімет отырысын қорытындылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында министрлердің жұмысын жеке-жеке сұраған Елбасы олардың отырған орындарын ауыстырып, Қаржы министрін қасына шақырып алды. Елбасы әр ведомство басшысымен әлеуметтік-экономикалық даму, мемлекет қаржысының дұрыс жұмсалуы мен ауылшаруашылық саласындағы жұмыстарды асықпай пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үкіметтің кеңейтілген отырысына Нұрсұлтан Назарбаев қатысса, ел қамы нақтыланатын білеміз. Бұл жолы да солай болды. Отырыста алғаш болып сөз алған премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев 2018 жылы ішкі жалпы өнімнің 4,1 пайызды құрағанын, былтыр 11 миллиард теңге бөлінген «Еңбек» бағдарламасы аясында 500 мыңға жуық адам жұмыс тапқанын айтты. Досаевтан Президент елдегі бизнесті дамытуға бөлінген 600 миллиард теңгенің тағдырын сұрады.

«Нақты осы қаражатты қандай нысандарға жұмсайтынымызды айқындадыңыздар ма?», – деп сұраған Елбасының сұрағына ҚР премьер-министрінің орынбасары жауап берді.

«Біз «Атамекен» ҰКП және негізгі мемлекеттік органдармен бірге тауарлы позицияларды да айқындадық. Сома белгіленді. Қатысушылар дайын. Ақпан айынан бастап белсенді түрде несие беруге дайынбыз», – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ.

«Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек. Біз ол туралы әлі сөйлесеміз», – деп атап өтті Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ.

Автокөлік аламын деушілерге де жаңалық бар. Отырыста Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасына ұқсас отандық көлікті несиеге беру бағдарламасын жасағанын айтты. Бас банкир темір тұлпар саласы экономиканың дамуына жақсы мүмкіндік береді деді. Ақышевтан кейін сөз алған Индустрия және инфрақұрылым министрі Жеңіс Қасымбек әуе қатынасын пысықтады. Президент Құрама штаттарға және Жапонияға тікелей ұшатын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте министр билет бағасы арзан «Флай Арыстан» ұлттық авиакомпаниясы жыл соңына дейін іске қосылатынын алға тартты. Мұны тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы облыс, ауданішілік жолдар жайын жақсылап қолға алуды тапсырды.

«Бұл ең басты мәселе. Адамның үйіне дейін жеткенді жол деп есептейміз. Жалпы, жол – еліміз үшін де, экономикамыз үшін де өте маңызды», – деді Елбасы.

Сәл болғанда баяндамасы ұмытыла жаздаған Өмірзақ Шөкеевке Президент көктемде қар еруінен жер-жерді басатын суды жинау жайын тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев кезінде көп болған құдықтар мал шаруашылығын дамытуға оң ықпал болған деді. Сондықтан министрге суармалы егіс алқаптарын көбейту міндеті қойылды. 

«Біз Үкіметке бағдарламаны тапсырдық. Талқыладық та, бекіттік. Құжат бойынша суармалы жерлер көлемі 3,5 миллион гектарға жетуі тиіс. Бұл қолдан келетін дүние. Бізде су да жеткілікті. Суармалы жерлер егістіктің тек 7 пайызын құрайды. Сондықтан осы мәселені тез қолға алған жөн», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Шөкеев бұл бастаманы тек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асыруға болады, бірақ кедергілер бар деп еді, Елбасы ешқандай «бірақ» деген жауап қабылданбайтынын меңзеді.

Жиын соңын қарай Президент 15 минут үзіліс жасап, одан келгеннен кейін отырыс пен өткен жылды қорытындылады. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті «мемлекет сеніп тапсырған қаржыны үнемдей алмайсыңдар» деп сынады. Көзімен Қаржы министрін іздеп, хаттамаға сай үстел соңында отырған Әлихан Смайыловты өзіне жақын отырғызды.

«Бақытжан, Қаржы министрі үстелдің соңында емес, вице-премьерлерден кейін отыруы тиіс. Оның орны сол жерде. Әдетте, Қаржы министрі премьер-министрдің орынбасары болады. Ал қарашы, сен қайда отырсың? Хаттаманы кім жасады? Мен қазір хаттаманы бұзамын. Қожамжаровтан бастап бәрің бір орынға жылжыңдар... Міне, оның орны осы тұс. Бұл Қаржы министрі. Осындай қарым-қатынас болғандықтан да қаржы саласы ақсап тұр», – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мемлекет басшысы керек кезде батыл қадам жасай алмаған жалпы Үкіметті сынады.

Бұдан басқа Президент 2018 жылы елімізде 37 мыңнан астам еңбек құқығын бұзу фактісі анықталғанын тілге тиек етті. Айлықтың уақтылы төленбеуі, еңбек қауіпсіздігін бұзу жайы елдегі кәсіпорындарында көп деді ол. Бас Прокуратура мен аймақтардағы құзырлы органдар қайда қарап отыр деген Елбасы осы жағдайды реттеуді бұйырды.

Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан дамуының басты критерийлерін атады. «Кіріс пен өмір сапа көрсеткіштері мемлекет дамуының алға жетелейтін басты күштері, жасалған дүниелер мен бастамалар түптеп келгенде адамдар үшін» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сондықтан әрбір министр мен әкімнің жұмысын осы көрсеткіштерімен бағалайтынын жасырмады.  

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров