|
12.04.2019 | 19:31
5707

Орталық сайлау комиссиясы 12 млрд теңгені қайда жұмсайтындарын айтты

Саяси науқанда еңбек ететіндерге жалақы ретінде төленеді

Орталық сайлау комиссиясы 12 млрд теңгені қайда жұмсайтындарын айтты ehonews.kz

Елдегі кезектен тыс президент сайлауына 12 миллиард теңгенің қайда және неге жаратылатыны айтылды. Орталық сайлау комиссия сұратқан қаржы саяси науқанда еңбек ететіндерге, дауыс беру учаскерлерін дайындауға, керек құжат-қағаздарға жұмсалады екен. Бірақ комиссия Үкіметтен соманы екі күн бұрын сұратқанымен Қаржы министрлігі оны әзірге құптар емес. Келіспеушілік те бар деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

9 маусымдағы президенттік сайлауда қызмет етуге 69 мың азамат жұмылады. 43 мыңы бюджеттік ұйым қызметкерлері, қалғаны зейнеткерлер мен студенттер. 12 миллиард теңге саяси шара кезінде ашылатын 10 мың сайлау учаскесінің қызметіне, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, қағаз-құжаттарға керек. Орталық сайлау комиссиясы Үкімет бюджетінен сметадағы қомақты қаржыны осыларға жұмсалатынын айтты. Дегенмен, Әлихан Смайылов басқаратын Қаржы министрлігі бұл сомаға түзетулер енгізбекші.

«Қаржы министрлігіне өтінімхат жібергенімізге екі күн өтті. Қорытынды күтіп отырмыз. Бірақ, кейбір позициялар қолдау таппады. Ол шығыстарды оңтайландырумен байланысты. Бұл дұрыс. Өйткені бұл болжамды смета болған еді. Біз сметаны аумақтық сайлау комиссияларының бюджеттік өтінімі негізде жасаған едік. Қаржы министрлігі қосымша өңірлердің баға ұсыныстарын да жіті қарап шығып, өңірлердегі өзіндік баға саясаты мен нарықтық жағдайы әртүрлі болған соң, оңтайландыру керек деп шешті», - дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила МҰСТАФИНА.

Ақшаның 77 пайызы ең төменгі жалақы негізінде еңбек еткендерге төленбек. Келесі аптада Үкімет Қаржы министрлігінің нақты шешімін тыңдайды. Соған орай сома көлемі де өзгереді. Айта кетейік, бүгінде Үкімет резервінде 51 миллиард теңге қалған. Ал, осыдан төрт жыл бұрын сайлауға комиссия 5 миллиард теңге жұмсаған еді.

Халықаралық бақылаушыларға тоқталсақ. Биыл сырт елден бір жарым мыңнан артық науқанды қадағалаушылар келеді деп күтілуде. Біздің елдегі маңызды шараны бақылаймын деушілер бүгіннен бастап өз аттарын тіркеулеріне болады.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңнамаға осындай жаңа норманы енгіздік. Енді әрбір шетелдік бақылаушы тілмашымен келуге құқылы. Бұл Орталық сайлау комиссиясының ұсынысы. Сондай-ақ, өзге елден келушілер немесе ақпарат көздері мамандары тек Сыртқы істер министрлігінің рұқсатымен берілген аккредитация арқылы жұмыс істей алады», - дейді ҚР ОСК мүшесі Зәуреш БАЙМОЛДИНА.

Комиссиядағылар әлемдегі белсенді халықаралық ұйым өкілдерінің мүшелері келер-келмесі белгісіз дейді. Бірақ, әрқайсысына хаттамалар жіберілмек. Елде бүгінде нақты өз жұмысын жүргізіп келе жатқан алты партия бар. Олар сайлауға өз кандидаттарын 28 сәуірге дейін ұсынуы тиіс. Ал 11 мамырға дейін фракциялар нақты бір өкілін сайлауға тіркеп үлгеруі тиіс. Сол күні үгіт - насихат жұмыстары да басталады.

Естеріңізге салсақ, 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы жоспарланған.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир