Президенттік кадр резервіне енген 100 үміткер мемлекеттік қызметке тағайындалмақ

Президенттік кадр резервіне енген 100 үміткер мемлекеттік қызметке тағайындалмақ
Оған ниет білдірген 13 мың адамнан 300-і іріктеліп алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алайда олар алдымен арнайы әзірленген бағдарлама бойынша білімдерін жетілдіруі тиіс. Ақордада кадр резервіне кіретін жастармен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазірдің өзінде 55 жас маман жаңа жұмысқа жайғасып үлгеріпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президенттік жастар кадр резервіне 13 мың адамнан 300-і  іріктеліп алынды.

Бұл, негізінен қарапайым отбасылардан шыққан, озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар, - дейді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

«Лауазымды тұлғалардың балаларының көбісі өтпей қалды, шынын айтқанда. Басында көп еді ғой. Кейін көбісі өтпей қалды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.

Алайда, бастысы оларды лауазымды қызметке тағайындау емес. Қазақ елін өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба бұл.

«Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады. Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді деп санаймын. Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ .

Мемлекет басшысы еліміздегі командамен ауысу проблемасы әлі де барын жеткізді. Басшы қызметкерлер санының нормативтері жоқ. Меритократия принциптері сақталмай келеді. Танысы арқылы қызметте өсу мен қамқорлық жасау деректері әлі күнге дейін бар,- деді Президент.

«Өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлердің біршамасы мұны сезіне бермейді. Ескі жолмен жұмыс істеуге тырысып, елдегі жаңғырту процестерін тежеп жатыр. Мемлекеттік басқару жүйесінде командамен ауысу мәселесі әлі де бар. Есеп беру кезінде мемлекеттік органдарда ауысу көрсеткіштері - қалыпты, 6-10 пайызды құрайды. Алайда іске келгенде министр немесе әкім ауысса, кадр құрамы да айтарлықтай өзгеретіні анық», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерді таңдаулылар ретінде қабылдамау қажеттігін қадап айтты. Атқамінерлер дербес құқықты болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілер халықтың бір бөлігі, халық арасында және ел үшін жұмыс істеуі қажет, деді Президент. Айта кетейік, вакансиялардың арасында департамент директорларының орынбасарлары, басқармалардың басшылары сияқты қызметтер бар.

«Осы дүйсенбіден бастап Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары болып тағайындалдым. Жалпы, осыған дейін дәп осы салада жұмыс істеп келдім. Азаматтық секторда жұмыс істегендіктен, мемлекетке аталған сектормен, тұрғындармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен қалай әрекеттесу керектігін көрсетуге тырысып бағамын. Жобамда мемлекеттік саясатқа қоғамдық сананы модернизациялау аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды тарту мәселесін көтердім», - деді Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары Асқар БАЙМҰҚАНОВ.

Түстен кейін президенттік жастар кадр резервінің жастары салалық министрлермен кездесіп, сұхбаттасты. Ал Білім және ғылым министрлігі жеті адамды қатарына алып үлгерген. Министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл маңсап қуған емес, өте білікті мамандар. Сондықтан жастарға үлкен талас болып жатқанын жеткізді.

«Бұл жастардың бір жақсысы олардың көзі жанып тұр. Екіншіден, идеялары көп. Үшіншіден, үлкен іріктеуден өткеннен кейін жақсы білімі, білікті маман болғаннан кейін бізге берері көп», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ. 

Бір қызығы, кадрлық резервке өткен қаракөз жастардың басым бөлігі мемлекеттік тілде сұхбат бере алмады. Тағы бір айта кететіні, сұралғандардың көбісі өзіне ұсынылған жұмыстан бас тартып отыр. Бәлкім беделді деп санамайтын болар. Десе де Президент маңсап қумай, шынымен де елім үшін, елге қызмет етем деп шын ниетпен келгендер, қандай қызмет болса да, қуана еңбек етулері керек деп бәріне ескертті.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан

Новости партнеров