Мәжіліс депутаттары Алматыға жұмыс сапарымен келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Халық қалаулылары мемлекеттік бағдарламалар мен этносаралық қатынастар саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін еліміздің Мәжіліс депутаттары жұмыс бабымен Алматыға келді. Олар сапар барысында бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысанды аралап, мемлекеттік бағдарламалар мен этносаралық қатынастар саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері төменгі палата өкілдеріне өз ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары алдымен Алматының көпір құрылымдары зауытына ат басын тіреді. Еліміздің төменгі палата мүшелері кәсіпорынның жұмысшылары мен оларға жасалған жағдаймен танысты. Тарихы терең зауыт бүгінде жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлінеді.

«Мұнда жұмыс істеуге, қызметкерлерді ынталандыруға көптеген жаңашылдық енгізілген екен. Зауытта зертхана барын, қызметкерлердің денсаулығына қалай қамқор болатынын көрдік. Тәуелсіздік жылдарында осындай кәсіпорындар қалыптастыра алғанымыз қуантады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.

«Бүгінгі іс-сапарымыздың негізгі мақсаты – қабылданған заңдардың мәнін адамдарға кеңінен түсіндіру. Одан бөлек, пандемияда қиындыққа ұшыраған кәсіпкерлердің хал-ахуалын кеңірек білуді мақсат тұттық», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов.

Кәсіпорында 14 этнос өкілдері бір үйдің балаларындай тату ұжым болып қызмет істейді. Сол бірлік пен мызғымас ынтымақтың арқасында зауыттың жұмысы ілгері басып тұр. Мекеменің зертханасын, өндірістік цехын көрген депутаттар мұндағы жас мамандардың еңбегін ерекше бағалады. Мәселен, Дархан Ибраимов осында 10 жылдан бері еңбек етіп, маңызды жобаларға жас та болса, бас болып жүрген жайы бар.

«Зауытта өсіп келе жатқан мамандарға өте мұқият көңіл бөлінеді. Егер өсіп келе жатса, потенциалы болса, жастарға сенім көп. Әлеуметтік тұрғыдан барлық жағдай жасалған», – деді «АКҚЗ» ЖШС зертханасының басшысы Дастан Ибраимов.

«Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің карьерасын осы жерден бастайды. Берілген мүмкіншілік өте көп. Мысалы, тәжірибе арттыру үшін жағдай жасалады. Кіреберісте балабақшамыз бар. Жас отбасылар күндіз балаларын сонда қалдырып, жұмыстан кейін алып кете алады», – деді «АКҚЗ» ЖШС сату бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қадыров.

Ары қарай депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Жиында басты құндылықтар, 30 жылдағы ұлтаралық қатынастар арқасында жеткен жетістіктер сөз болды. Ал ассамблея мүшелері өздерінің ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

«Кездесу барысында Достық үйінің жаңа ғимаратында әйелдерге арналған орталық құруды ұсындым. Қазір зорлық-зомбылық, алимент төлемеу деген сияқты отбасылық мәселелер бар. Көптеген әйел ол түйткілдерін кімге айтарын, қайда жүгінерін білмейді. Сондықтан да сондай мекеме қажет деп ойлаймын», – деді ҚХА Алматы қалалық аналар кеңесінің төрайымы Махинұр Исраилова.

Мәжіліс депутаттарының жұмыс сапары екі күнге созылады. Ертең ел қалаулылары білім беру мекемелерінің басшыларымен, дін қызметкерлерімен, әлеуметтік әл-ауқат басқармасының өкілдерімен кездеседі.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров