|
17.06.2019 | 20:34
4439

Биліктегі ауыс-түйіс: бірнеше министр ауысып, жаңа министрліктер құрылды

Әзірге Арыстанбек Мұхамедиұлының тағдыры беймәлім...

Биліктегі ауыс-түйіс: бірнеше министр ауысып, жаңа министрліктер құрылды

Бүгін 5 жылдан бері еліміздің Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметінен босады. Оның орнына экс-министрдің үш жылдан бергі орынбасары Ақтоты Райымқұлова тағайындалды. Сонымен қатар, елімізде қоршаған ортаға, яғни экология, геология және пайдалы қазабалар саласына жауапты министрлік құрылды. Оны 41 жастағы Мағзұм Мырзағалиев басқарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтоты Рахметтолақызы 1964 жылы дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «композиция» және «фортепиано» мамандығы бойынша тәмамдап, сонда біраз жыл қызмет еткен. 2010 жылы Ресейде әлеуметтік-мәдениет саласында докторлық диссертация қорғаса, бес жылдан кейін «Менеджмент» мамандығы бойынша «Халықаралық Бизнес Академиясының» магистрі атанған. Кейбір жылдары кафедра басшысы, ректор орынбасары, Мәдениет министрлігінде департаментті басқарған ғалым – түрлі халықаралық және республикалық шығармашылық сайыстар жеңімпазы, 25 ғылыми жұмыстың авторы.

Ал, отандық сарапшылардың осынау ауыс-түйістерге қатысты пікірі әр түрлі.

«Мәдениет және спорт саласында проблемалар мен атқарылуы тиіс жұмыстар көп. Өткен жылдары допинг дауы шықты, қазір мәдениет саласында құқық бұзушылықтар мен жемқорлықтар бар. Жаңа келген министр бұл салаларда атқарылатын жұмыстарға леп береді», – дейді саясаттанушы Дәурен ПІРІМБЕТОВ.

Әзірге Арыстанбек Мұхамедиұлының саясаттағы тағдыры белгісіз. Ал, жаңадан құрылған Экология, геология және пайдалы қазабалар министрлігін Мағзұм Мырзағалиев басшылық етпек. Бұған дейін Энергетика вице-министрі болған ол 1999 жыл «Экономист» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Басшының «Халықаралық қатынастар» аясында да білімі бар. АҚШ пен Малайзияда тәжірибе жинаған.

Айта кетерлік жайт, бұл министрліктің құрылуына экология мәселесіндегі сауалдардың көбеюі түрткі болған. Бүгінде мәселен, Атыраудағы балықтың жаппай қырылуы, пайдалы қазба, кен шығаратын қалалардағы адам денсаулығы, қоршаған ортаға зиянды заттардың тарауы мен атом электр стансиясының салынуы сынды сұрақтар өте өзекті.

«Балықтардың жаппай қырылуы, экологиялық катаклизмдер, осы саладағы басқа да проблемалардың шешімі уақыт күттірмейді. Яғни, бұл салаға жауапты бөлек органның болуы –заман талабы. Дамыған елдердің көбісінде эгологияға қатысты арнайы ведомство бар», – дейді саясаттанушы Дәурен ПІРІМБЕТОВ.

«Аталған министрлік тағы неге жауапты?» дегендерге айтарымыз: ел байлығы – пайдалы қазбаның дұрыс көлемді шығарылуына, қатты тұрмыстық қалдықтардың дұрыс көмілуіне, су, орман, жан-жануарлар әлеміне жауапты, сондай-ақ, геология, оның ішінде – минералдық-шикізаттық базаға бас-көз болады.

Ауыс-түйісті әрі қарай тарқатар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласының экс-әкімі Бақыт Сұлтанов бұдан былай жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігін басқарады. Тура 9 ай бас қалаға жауапты болған Сұлтанов сыртқы жәні ішкі сауда саясатын, халықаралық экономикалық келіссөздерді, тауар тұтынушыларың құқығын, экспорт мәселелерін бақылайды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жетіде Асхат Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі, Алтай Көлгінов - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Алик Шпекбаев – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне басшы болса, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне төрағалығына бұрын Мәжіліс депутаты болған Анар Жайылғанова тағайындалған болатын. Осы тұста Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында да әкімдердің ауысқанын айта кеткеніміз жөн.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир