Бас прокуратураға азаптау туралы іс келіп түсті. Оған қатысты еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін кулуарда Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісі бойынша журналистердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бас прокуратураға азаматтан арыз келіп түсті. Онда ол тергеу барысында өзіне Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель тарапынан азаптау көрсетіліп, рұқсат етілмеген тәсілдері қолданылғанын жазған. Аталған арыз тергелу үшін Ішкі істер министрлігіне тапсырылды. Қазір мәселенің анық-қанығы тексеріліп жатыр. Кексельге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмады, өйткені ол тергеуден қашып жүрген жоқ», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.
Айта кетейік, осыған дейін «Время» газеті Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын жария еткен. Оған бұрынғы басшының заңсыз әрекеттерінің құрбаны болған кәсіпкердің арызы түрткі болды. Еске салайық, Олеся Кексель биыл мамырда арнайы прокурорлар қызметінің басшысы қызметінен босатылған болатын. Ол бұл лауазымда 2018-жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеп келді. Ең қиын коррупциялық істерді тергеген прокурор ІІ дәрежелі «Айбын» медалімен марапатталып, «Жылдың мемлекеттік қызметшісі» де аталған еді.