Ол туралы бүгін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. Ол Президенттің 9 ай ішінде атқарған жұмысын жіпке тізді. Шымылдығы жабылатын жылдың ең айтулы оқиғасы - 500 мыңнан астам адамның 620 мың кредиті кешірілгені. Оның жалпы сомасы 107 млрд.теңгені құраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан бөлек, студенттердің шәкіртақысы келесі жылы 25 пайызға көбейеді. Сондай-ақ Педагог мәртебесі туралы Заң қабылданды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Твиттер әлеуметтік желісі арқылы еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде 860-тан астам твит жариялаған екен.
«Мемлекет басшысы наурыз айының соңында әкімдер мен министрлердің бәріне әлеуметтік желілерге тіркелуді міндеттегенін білесіздер. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының орындалып жатқанын дәлелдейді. Қазіргі таңда барлық облыстың әкімдіктерінде жеке әлеуметік желілерде арнайы парақшалар ашылып, әкімдердің де парақшалары ашылып, халықтан келіп түскен ұсыныс-тілектер, өтініштер, жалпы арыздар барлығы тұрақты түрде жауап беріліп жатыр», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік УӘЛИ.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциясы сәтті жүзеге асты. Президент Арыс қаласында болған оқиғаның басы-қасында жүрді. Қаланың қайта қалыпқа келуін жіті назарында ұстады. Өзге өңірлерге 25 рет іс-сапармен барып, жалпы саны 463 іс-шараға қатысқан. Халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық кездесу өткізген. 12 елге сапармен барып, 9 халықаралық жиынға қатысқан. Биылғы 9 айда мемлекет басшысы 112 мың 796 шақырым жол жүріпті. Оған 181 сағат 36 минут кеткен.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен сәттен бері 249 мемлекеттік орган басшыларын, Парламент депутаттарын, саяси партиялар мен қауымдастық өкілдерін және жеке тұлғаларды қабылдады. Сонымен қатар мемлекет басшысы 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Халықаралық іс-шаралар бойынша 12 елге іссапармен барды. Оның ішінде мемлекеттік сапар Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және ресми сапарлар Ресей мен Германия. Жұмыс сапарларының саны 7-еу. Ол Ресейге екі рет, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Арменияға барды», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік УӘЛИ.