Президент дағдарыстан шығар дұрыс жолды нұсқады. Жаһан экономикасын құлдыратқан пандемиядан кейін біздің мемлекетіміз де бар мүмкіндігін тиімді пайдалануы керек. Сенатор Нариман Төреғалиев осылай дейді. Оның сөзінше, дер кезінде қабылданған тағдыршешті шаралар ел экономикасының әлсіреуіне жол бермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Президент азық-түлік қауіпсіздігі, бағаның өспеуіне жол бермеу туралы Үкімет пен әкімдіктерге тікелей тапсырма берді. Мемлекет пандемия уақытында «Жол картасын» дайындады. Ол бойынша қаншама ауруханаларымыз, мектептеріміз, басқа да ғимараттарымыз жөнделеді. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылады, экономиканың жандануына ары қарай сеп болады», - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ.
Президент төтенше жағдай бойынша комиссияның соңғы отырысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды тапсырған болатын. Енді Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бұған бөлінетін қаражат көлемін айқындауы тиіс.
«Несиенің мөлшері қандай болатыны, инвестициялық мақсаттарға қолданылу жағы, оның бәрі Үкімет шеңберінде Ұлттық экономика министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірге талқыланатын болады. Бірақ басты мақсат – осы шағын және микросубъектілерге арнайы қолдау көрсету», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс АХМЕТОВ.