Қазақстан мен Кипр сауда, инвестиция және логистика салаларындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Ақорда
Ақорда

Мемлекеттер ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсуге ниетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мемлекет басшысы Кипр Республикасын еліміздің Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп атады.  

– Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президенттің айтуынша, мемлекеттеріміз ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсуге ниетті. Бұл – тараптар мүддесіне сай.  

– Кипр Республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін Жоғары мәртебелі Президент Никос Христодулидис мырзаға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырдым. Бұл награда – қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі. Құтты болсын! Елдеріміздің өзара серіктестігі нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер мазмұнды келіссөз жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің тың бағыттары туралы әңгімелесті.

– Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл – маңызды міндет. Мен Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар біз логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз. Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлық серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырғанын жеткізді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа жазғы ашық аспан астындағы фестиваль басталады

Новости партнеров